IT колледжінің құрылысы жақында аяқталады
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Семей қаласындағы құрылыс, жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Қарағайлы шағын ауданында салынып жатқан блок-модульдік қазандықтың құрылысына ерекше назар аударылды. 2024 жылы сағатына 20,8 Гкал жылу энергиясын қажет ететін көпқабатты 44 тұрғын үйді, 1200 орындық мектепті және нефрологиялық орталықты пайдалануға беру жоспарлануда. Аудандағы тұрғын үй және әлеуметтік нысандарды уақытылы пайдалануға беру мақсатында «ЭМ-Холдинг» ЖШС қаражаты есебінен қуаттылығы сағатына 21,5 Гкал болатын қазандық құрылысы басталды. Құрылыс 2024 жылдың қараша айында аяқталмақ.
Қарағайлыда 1200 орындық жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр.
Аймақ басшысы материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстары жүргізіліп жатқан ІТ колледжінде де болды. Қазіргі таңда ғимараттың шатыры жөнделіп, жарықтандыру жұмыстары аяқталды. Жылу, су және кәріз желілері ауыстырылды. Сыртқа жарық және ғимаратқа жаңа терезелер орнатылды. Ғимарат ішіндегі төбеге гипсокартон, еден мен жуынатын бөлмелерге кафель жапсыру жұмыстары осы айдың соңына дейін аяқталады.
Қала тұрғындары мен қонақтары үшін тағы бір қоғамдық кеңістік ашылмақ. Шәкәрім даңғылы мен Қабанбай батыр көшесінің қиылысында орналасқан кеңістік қаламыздың сәнін келтірмек. Қазір мұнда абаттандыру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Аймақ басшысы қала орталығындағы тарихи қиылыста атқарылып жатқан жұмыстарды да аралап көрді.
Сонымен қатар, өңір басшысы солтүстік базар ауданына апаратын айналма жол құрылысының барысымен, ОЖП–15/1 магистральдық және аулаішілік жылу желілерінің ағымдағы жөндеуімен танысты.