ШЫҰ Астана саммитінің қорытындысы Ұлттық үйлестірушілер кеңесінің отырысында талқыланды
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Мұрат Мұқышев бастаған қазақстандық делегация Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің Ұлттық үйлестірушілер кеңесінің (ҰҮК) отырысына қатысты.
Аталған отырыс 2024 жылғы шілдедегі Астана саммитінен кейінгі бірінші жоғары деңгейдегі ШЫҰ іс-шарасы болды. Делегация басшылары Астанада өткен саммитте қабылданған Мемлекет басшылары кеңесінің шешімдерін іске асыру бойынша бірқатар мәселелерді талқылап, Қытайдың ШЫҰ-ға төрағалық етуінің алдағы іс-шараларын ұйымдастыру жөнінде пікір алмасты.
«Астана саммиті және оның қорытындысы бойынша қабылданған шешімдер Ұйымның даму тарихындағы шешуші сәт болды. Қазақ тарапы ШЫҰ тиімділігін нығайту бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды ілгерілету жөніндегі белсенді жұмысқа бағытталған және алдағы іс-шараларды мазмұнды толықтыру бойынша Қытай төрағалығына қажетті қолдау көрсетуге дайын», – деді ШЫҰ мәселелері жөніндегі Қазақстанның ұлттық үйлестірушісі М. Мұқышев.
Сонымен қатар қауіпсіздік, сауда, инвестициялар, көлік, энергетика салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту және ШЫҰ елдері арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселелері қарастырылды.
Бұл ретте ағымдағы жылдың күзінде өтетін ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Үкімет басшылары (премьер-министрлер) кеңесінің алдағы отырысының жан-жақты дайындығына ерекше назар аударылды.
Ұлттық үйлестірушілер кеңесі – ШЫҰ-ның ағымдағы қызметін үйлестіруді жүзеге асыратын және Ұйымға мүше мемлекеттердің тиісті министрліктері мен ведомстволарының өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін ШЫҰ-ның жарғылық органы. Ұлттық үйлестірушілер кеңесінің соңғы отырысы 2024 жылғы 29 маусым - 2 шілде аралығында Астанада өтті.