Cемей10°С
Ауа-райы
  • Абай14°С
  • Аягөз17°С
  • Ақсуат16°С
  • Бородулиха18°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов18°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар17°С
478.93 534.96 5.16

Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту жөніндегі Ұлттық жоба әзірленеді – Қанат Бозымбаев

3-09-2024, 17:26 Думан Кенжеғазыұлы

Үкімет отырысында Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шаралары қаралды. Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев энергетика және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, су ресурстарын тиімді басқару және өңірлік теңгерімді саясатты дамыту жайында баяндады. 

Вице-премьердің айтуынша, әр өңір бойынша қолданыстағы энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымның жағдайын зерттеу үшін ауқымды талдау жүргізілген.

Аталған талдауға сәйкес:

- 22 жылумен жабдықтау кәсіпорындарында желілердің ағымдағы тозуы 65%-дан 90%-ға дейін;

- 18 электрмен жабдықтау объектілерінде – 70%-дан 97%-ға дейін;

- сумен жабдықтайтын 13 кәсіпорында – 70%-дан 100%-ға дейін;

- 24 су бұру кәсіпорындарында – 70%-дан 100%-ға дейін жеткен.

«Осыған байланысты коммуналдық инфрақұрылымның тозуын 50%-ға дейін төмендету үшін келесідей көлемде инвестиция тарту қажет», — деп мәлімдеді Қанат Бозымбаев.

Сонымен қажетті инвестиция көлемі:

- жылумен жабдықтау 2,2 мың шақырым желіні жаңғырту үшін шамамен 2,5 трлн теңге;

- электрмен жабдықтау 114,7 мың шақырым желіні жаңғырту үшін 3,2 трлн теңгеден астам;

- сумен жабдықтау 5,3 мың шақырым желіні жаңғырту үшін шамамен 900 млрд теңге;

- суды бұру 3 мың шақырым желіні жаңғырту үшін 1,3 трлн теңгеден астам қажет.

Бұдан басқа, қолданыстағы белгіленген қуаты 20,4 ГВт 55 энергия өндіруші ұйымдардағы орташа тозу көрсеткіші 56%-ды құрайды. 

«Стансалардың тозуын 25%-ға төмендету және белгіленген қуатты 32,6 ГВт-қа дейін арттыру үшін шамамен 2,3 трлн теңге инвестиция керек. Жалпы, алдын ала бағалау бойынша Ұлттық жобаны іске асыруға 10 трлн теңгеден астам инвестиция қажет», — деді вице-премьер.

Үкімет отырысында аталған көлемдегі қаражатты 4 қаржыландыру көзінен тарту ұсынылып отырғаны айтылды:

- отандық және халықаралық қаржы институттары;

- екінші деңгейдегі банктер;

- бюджет және Ұлттық қор қаражаты;

- акционерлердің – бизнес иелерінің қаражаты.

Бұл тұрғыда Ұлттық жобаның инвестициялық тартымдылығы үшін, тарифтік әдіснамаға қажетті өзгерістер енгізілетін болады.

«Қаржы институттары мен инвесторларға тиісті тарифтердің қажетті деңгейлеріне және инвестициялар мен қарыздарды қайтаруға кепілдік беруге мүмкіндік беретін үкіметтік және ведомстволық актілерді қабылдау ұсынылады. Инвестицияларды қайтару кепілдігін нығайту үшін қаржы институттары, қарыз алушы және реттеуші орган арасында 3 жақты келісім жасалынады», — деп мәлімдеді Қ. Бозымбаев.

Бұл ретте Мемлекет басшысының тапсырмасын ескере отырып, тұтынушылар үшін негізсіз өсімге жол бермеу бөлігінде әрбір табиғи монополия субъектісі бойынша тариф есептелетін болады.

Жыл соңына дейін түрлі коммуналдық қызметтерді тұтынудың бекітілген әлеуметтік нормалары бойынша кеңейту көзделеді. Яғни, оларда жеке тұлғалардың тұтынуы үшін ресурстардың объективті қажетті көлемі ескерілетін болады. Егер бекітілген нормалардан артық тұтынылған жағдайда тарифтер мен бағалар сараланады..

«Үкіметтің әлеуметтік блогымен бірге коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге халықтың әлеуметтік осал топтарының мүдделерін қорғау мәселелері пысықталады. Ұлттық жоба тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық өнімдерін өндіретін барлық кәсіпорынды қамтиды және толық қуатына шығарады. Бұдан басқа, 190 млрд теңгеге инвестициясы бар және 3,5 мың жұмыс орнын құратын тағы 27 өндіріс салу жоспарлануда», — деп атап өтті Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев.

Оның айтуынша, отандық кәсіпорындардың іске қосылған өнім көлемі шамамен 3,5 трлн теңгені құрайды. Ал, Ұлттық жобаның еліміздің жалпы ішкі өнімдегі үлесі жыл сайын 2%-дан асады.

Үкімет отырысында Қанат Бозымбаев еліміздегі су ресурстарын тиімді басқару үшін қолданыстағы гидрология бекеттерінің желісін 73%-дан 82%-ға дейін немесе 377-ден 419-ға дейін жеткізу арқылы жаңғырту қажет екенін айтты. Бұл бақылау мен болжау сапасын жақсартуға, сондай-ақ ықтимал қатерге жедел ден қоюға мүмкіндік береді.

«Суару жүйелеріндегі судың шығынын азайту, одан әрі пайдалану үшін қосымша тасқын суларды жинақтау, сондай-ақ су объектілерінің жағдайын жақсарту үшін Су саласын дамытудың 2024-2028-ші жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Бұл барлық қаржыландыру көздерінен жоспар құны 3,2 трлн теңгені құрайтын 42 жаңа су қоймасын салуды, 34 гидротехникалық құрылысты қайта жаңартуды, шамамен 14 мың шақырым ирригациялық жүйелерді салуды және қайта жаңартуды көздейді», — деп атап өтті ол.

Бүгінгі таңда Ислам даму банкімен жобаларды қаржыландыру бойынша келіссөздер аяқталуда. Сондай-ақ су үнемдеу технологияларын қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін ұлғайту міндеті қойылды және әрбір облыс үшін тиісті индикаторлар жеткізілді.

«Инфрақұрылымды жүргізу кезінде фермерлердің ұңғымаларды бұрғылауға жұмсаған шығындарын өтеу үлесін 50% дан 80%-ға дейін ұлғайту көзделген. Инвестициялық субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізілді. Су кодексінің жобасы шеңберінде су саласындағы тарифтік саясатты жедел реформалау мақсатында суармалы су қызметі бойынша тарифтік реттеуші функциясын Ұлттық экономика министрлігінен Су ресурстары және ирригация министрілігіне беру көзделіп отыр», — деді Қ. Бозымбаев.

Осы мақсатта Су ресурстары және ирригация министрлігі су саласында тарифті қалыптастырудың жаңа қағидаларын әзірлейтін болады. Оның шеңберінде сараланған тарифтерді енгізу, оның ішінде дақылдар түрлеріне байланысты тұтыну көлемі және су жинайтын технологиялардың/есепке алу аспаптарының болуы немесе болмауы бойынша жұмыстар жүргізіледі.

Үкімет отырысында вице-премьер Қанат Бозымбаев Алатау қаласының Бас жоспарын іске асыру үшін инфрақұрылымның салалық схемаларын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын баяндады. 

Алатау қаласында объектілер салу үшін әлеуетті инвесторларды тарту мақсатында негізгі ірі нысандардың тізбесі айқындалатын болады. Қазіргі уақытта IT, көлік-логистикалық кешен, туризм және басқа да салалардағы халықаралық компаниялармен келіссөздер басталды. Инвесторлардың ұсыныстары мүдделі мемлекеттік органдармен пысықталуда. Тізбе айқындалғаннан кейін жобалар инфрақұрылым салуға, преференциялар беруге және т.б. бағытталған мемлекеттік қолдаудың қажетті шараларымен қамтамасыз етіледі.

«Саран қаласының үлгісі бойынша Хромтау, Сәтбаев, Балқаш және Құлсары моноқалаларында индустриялық аймақтар құру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар барлық моноқалаларда олардың экономикасын әртараптандыруға бағытталған 10 мыңнан астам жұмыс орнын құрумен жалпы сомасы 1,4 трлн теңгеге 41 инвестициялық жоба іске асырылуда. Сондай-ақ әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылымды дамыту жөнінде шаралар қабылданып, моноқалалардың айналасында геологиялық барлау жұмыстары жүргізілетін болады», — деді Қанат Бозымбаев.

Оның айтуынша, жоғарыда аталған шаралар моноқалалардың экономикасын әртараптандыруға және қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етеді.

Бұдан бөлек, елімізде аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің және ауылдық округтердің әкімдерін сайлауы жалғасуда. 2025 жылдан бастап аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың барлық әкімдері ротация мерзімдерінің келуіне қарай сайланатын болады.

«Жалпы сайлауды өткізу үшін заңнамалық база дайын. Сонымен қатар сайлау заңнамасын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар талқылануда», — деп түйіндеді баяндамасын вице-премьер.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив