Облыс әкімдігінде жылу маусымына дайындық барысы талқыланды
Абай облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының ақпаратына сүйенсек бюджеттік ұйымдардың 98 пайызы алдағы жылу маусымына дайын. Атап айтқанда, денсаулық сақтау нысандары 99%-ға, білім беру нысандары 98%-ға, ал әлеуметтік нысандар толығымен әзір.
Жылу маусымына дайындық аясында 2024 жылы өңірде 37,9 шақырым жылу желілері мен 17 жылу көздерін салуды, қайта жаңғырту және жөндеуді қамтитын 28 жоба іске асырылуда. Жыл соңына қарай 29 шақырым желі мен 17 жылу көздеріндегі жұмыстарды аяқтау жоспарлануда. Бұл жылу желілерінің тозу деңгейін 64,2%-дан 59,7%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Жылу маусымына дайындық облыс әкімінің жеке бақылауында.
Бүгінде облыста көмір сататын сегіз теміржол учаскесі бар. Онда күніне бес вагон көмір жеткізіледі. Осыған сәйкес тұрғындарға жылу маусымы қарсаңында көмірді ерте сатып алуға кеңес беріледі.