Олжас Бектенов пен ХВҚ басқарушы директорының орынбасары Бо Ли қаржы-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады
Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов Халықаралық валюта қоры басқарушы директорының орынбасары Бо Лимен кездесті. Кездесу барысында қаржы-экономикалық саладағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Қазақстан – 1992 жылдан бері ХВҚ мүшесі. ХВҚ-мен ұзақмерзімді серіктестік еліміздің экономикалық тұрақтылығын және ұлттық экономиканың сапалы тұрақты өсуін қамтамасыз ету үшін маңызды.
Кездесуге қатысушылар Қазақстан мен ХВҚ арасындағы өзара іс-қимылдың стратегиялық сипатын атап өтті. Ынтымақтастықтың жоғары маңызын құрылымдық реформалар жүргізу, Қазақстанның салық-бюджет саясаты мен қаржы нарығын дамыту жөніндегі бірлескен жұмыстың оң нәтижелері айғақтайды.
Халықаралық қаржылық тұрақтылықты қолдау жөніндегі екіжақты және өңірлік диалогқа өткен жылы Алматы қаласында Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия елдері үшін әлеуетті дамыту жөніндегі ХВҚ Өңірлік орталығының ашылуы жаңа серпін берді. Мемлекет басшысының экономиканы жан-жақты жаңғырту бойынша жүргізіп жатқан жүйелі саясатының нәтижесінде биылғы 9 қыркүйекте Moody's рейтингтік агенттігі Қазақстанның егемендік рейтингін тұрақты болжаммен Baa1-ге дейін көтергені атап өтілді. Берілген рейтинг ел тәуелсіздігі жылдары ішіндегі ең жоғарғысы болып саналады және институционалды ортаның үздіксіз жақсарғанын және экономиканы әртараптандыру қарқынының орнықтылығын растайды.
Олжас Бектенов Қазақстан Үкіметі Ұлттық банкпен және Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігімен бірлесіп сапалы экономикалық өсімге қол жеткізуге бағытталған дәйекті саясат жүргізуге ниетті екенін атап өтті. Ағымдағы реформалар бюджет саясатының, қаржы есептілігінің және салықтық әкімшілендірудің тиімділігін одан әрі арттыруға бағытталған.
Өз кезегінде ХВҚ басқарушы директорының орынбасары Бо Ли ел экономикасын дамыту және халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында Қазақстанмен тығыз және сындарлы ынтымақтастықты жалғастыруға мүдделілігін атап өтті. Мемлекеттік органдарға көрсетілетін тұрақты консультациялар мен техникалық көмек институционалды негізді нығайтуға, макроэкономикалық және макропруденциялық саясатты жетілдіруге ықпал етеді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара іс-қимылдың барлық спектрі бойынша әріптестікті нығайту ниетін растады.