Қазақстан мен Әзербайжан қорғаныс министрлері 2025 жылға арналған екіжақты ынтымақтастық жоспарына қол қойды
Генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың басшылығымен Қазақстан қорғаныс ведомствосының әскери делегациясы Әзербайжан қорғаныс министрі генерал-полковник Закир Хасановтың шақыруымен Бакуге келді.
Бакудегі Expo орталығында қазақстандық әскери қызметшілер теңіз, әуе, құрлық әскерлеріне арналған өнімдермен және Әзербайжанның ADEX 5-ші халықаралық қорғаныс көрмесінде ұсынылған қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы жаңа әзірлемелермен танысты.
Іс-шара аясында Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың әзербайжандық әріптесімен кездесуі ұйымдастырылды. Қорғаныс ведомстволарының басшылары өзара мүдделі екіжақты әскери ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Қазақстанның Қорғаныс министрі көрмеге шақырғаны үшін алғысын білдіріп, екі ел қорғаныс ведомстволарының өзара іс-әрекетінің оң динамикасын атап өтті. Биылғы жылы бірлесіп 30-дан астам іс-шара өткізілді. Әзербайжан әскери қызметшілері «Бірлестік-2024» жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуына және «Алтын қыран-2024» тактикалық-арнайы оқу-жаттығуына қатысты.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы 2025 жылға арналған екіжақты әскери ынтымақтастық жоспарына және ұлттық қорғаныс университеттері арасындағы меморандумға қол қойылды.