Мемлекеттік кеңесші Батыс Қазақстан облысында қоғам белсенділерімен бірқатар кездесу өткізді
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Ұлттық құрылтай мүшелері Айман Омарова, Нұрлан Дулатбеков, Төлеген Бүкіров, Қайырбек Арыстанбеков, Айнұр Сәбитова, Юрий Шин, Тоқтарбай Керімқұлов және Бауыржан Ғұбайдуллинмен бірге Батыс Қазақстан облысында бірқатар кездесу өткізді.
Атап айтқанда Ерлан Қарин мен Ұлттық құрылтай мүшелері облыстық қоғамдық кеңес өкілдерімен жүздесіп, елімізде және өңірде Президенттің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын жүзеге асыру мәселесін талқылады.
Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысының зиялы қауым өкілдерімен – ғалымдармен, мәдениет және өнер қайраткерлерімен, жазушылармен және қоғам белсенділерімен кездесу өтті. Басқосуда Ерлан Қарин Ұлттық құрылтайдың білім беру, ғылым және мәдениет салаларындағы жалпыұлттық жобалары туралы айтты.
Мемлекеттік кеңесші мектеп директорларымен өткен жиында биылғы оқу жылынан бастап қолға алынған «Біртұтас тәрбие» атты жаңа бағдарламаны талқылады. Сондай-ақ Ерлан Қарин Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарды жүзеге асыру аясында биыл шілде айында ашылған Психологиялық қолдау көрсетудің облыстық әдістемелік орталығының жұмысымен танысты.
Бұдан бөлек, Ұлттық құрылтай мүшелері адвокат Айман Омарова мен заңгер Айнұр Сәбитова тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған Дағдарыс орталығына барды. Онда азаматтық қоғам белсенділері әйелдердің құқықтарын қорғауды және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейтін заң аясындағы шараларды жүзеге асыру мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Сондай-ақ сапар барысында Мемлекеттік кеңесші облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің, қала және аудан әкімдерінің, мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен ішкі саясат мәселелеріне қатысты жиналыс өткізді. Жиынға қатысушылар азаматтық қоғамды дамыту, ел бірлігін нығайту, ономастикалық жұмысты үйлестіру, жастарды қолдау сынды идеологиялық жұмыстың басқа да маңызды бағыттарына қатысты Президент бастамаларының жүзеге асырылу барысын және оның аралық қорытындыларын талқылады.
Өңірлердегі мұндай кездесулердің мақсаты – жұртшылықпен диалогты нығайту және Ұлттық құрылтайдың қызметі аясында жаңа бастамалар мен ұсыныстар әзірлеу.