Қала әкімі Бобровка, Мұрат кенттерінің тұрғындарымен кездесті
Бүгін Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов Бобровка және Мұрат кенттері мен саяжайларының тұрғындарымен кезекті кездесуін өткізді. Кездесу барысында басты назар электрмен жабдықтау мәселесіне аударылды.
Әкім Нұрбол Нұрсағатов қазіргі уақытта қажетті трансформаторлар қалаға жеткізілген, ал электр желілерін тартуға арналған траншеяларды қазу жұмыстары жүріп жатқандығын мәлімдеді. Тұрғындардың сұрақтарына жауап бере отырып, қала басшысы 10 ай бойы жиналған электр энергиясының төлемақысын бірден өтеу мүмкін еместігін ескеріп, қарызды бірнеше айға бөліп төлеуге мүмкіндік берілетінін атап өтті. Ал есептегіштер орнатылған соң, тұрғындар тікелей «ШығысЭнерготрейд» ЖШС-мен есеп айырысатын болады.
Сонымен қатар, тұрғындар қоқыстың уақытылы шығарылмауына шағымданды. Бұл мәселе бойынша «Семей Тазалық» ЖШС басшысы тек 25 үймен ғана келісімшарт жасалғанын және бұл көлемдегі жұмыс компания үшін экономикалық тұрғыдан тиімсіз екенін түсіндірді.
Айта кетейік, әкім Нұрбол Нұрсағатов әр апта сайын Бобровка, Мұрат кенттерінің белсенділерімен кездеседі. Электр желілерін салу жұмыстары қала әкімінің тікелей бақылауында.