Психологиялық қызметтің 50-ден астам маманы біліктілігін арттырды
Ұлттық қорғаныс университеті мен Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының базасында Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың психологтары біліктілікті арттыру курсынан өтті.
Оларға ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының, Бизнес және басқару университеті психология кафедрасының, Ұлттық қорғаныс университетінің, Құрлық әскерлері әскери институтының жетекші оқытушылары, Қарулы күштер түрлері бас қолбасшылары мен әскер тектері қолбасшылары басқармаларының психолог-практиктері дәрістер мен практикалық сабақтар өткізді.
Мастер-класс шеңберінде әскери қызметшілерді оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындауға психологиялық даярлау, жараланғандар мен жарақат алғандарға психологиялық көмек көрсету мәселелері талданды. Суицидтің алдын алу мен жеке құрамның психодиагностикасына ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ әскерге шақырылған жастармен жұмыс істеудің және әскери қызметке деген ынтаны арттырудың негізгі аспектілері зерделенді.
Курс қорытындысы бойынша ҚР Қорғаныс министрлігінің Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаменті жұмыс барысында қолдану үшін әскерлерге арнайы әдістемелік құрал дайындады.