Cемей1°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
488.91 532.62 5

Депутаттар сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға енгізілетін конституциялық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады

3-10-2024, 09:21 Думан Кенжеғазыұлы

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Онда депутаттар кейбір заңнамалық актілерге оларды Конституция нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Сонымен қатар Қазақстан мен Вьетнам арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімді ратификациялады.

Кейбір заңнамалық актілерге оларды Конституция нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша түзетулер жөнінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов баяндады. Ол заң жобасы Конституциялық Соттың 2023 жылғы 13 маусымдағы нормативтік қаулысын іске асыруға бағытталғанын айтты. Оған сәйкес, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңның 13-бабы мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген тұлғалардың кәсіпкерлік қызметке құқығын шектеу бөлігінде Конституцияға сәйкес келмейді деп танылған.

– Мұндай тұлғаларға республикалық мемлекеттік кәсіпорындарда, коммуналдық кәсіпорындарда, коммуналдық мемлекеттік мекемелерде, оның ішінде мектептерде, ауруханаларда басқару функцияларын жүзеге асыратын адамдар жатады. Бұл бірінші басшылар, олардың орынбасарлары, бас бухгалтерлер, мемлекеттік сатып алу департаменттерінің басшылары, филиалдардың басшылары. Олар кәсiпкерлiк қызметпен айналыса алады, бiрақ тиісті қызмет олардың лауазымдық міндеттерін орындауына кедергі келтірмеуі, тиісті қызмет олардың қызметтік мүлкін пайдалануына әкеп соқпауы және мүдделер қақтығысын тудырмауы керек, – деді Ұлан Сарқұлов.

 Бұл тыйым тең тұлғалардың басқа санаттарына да қолданылады. Заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Қайрат Балабиев лауазымға тағайындалған кезде сенімгерлік басқару шарты бойынша сенімгерлік басқаруға беруге жатпайтын мүліктің тізбесі коммерциялық ұйымдардың акцияларымен және цифрлық активтермен толықтырылатынын айтты.

Конституциялық Соттың ұсынымдарына сәйкес заң жобасын әзірлеушілер оның тартымдылығын арттыру мақсатымен мемлекеттік қызметті атқару шарттарын жақсартуға бағытталған басқа да түзетулерді ұсынып отыр.

Баяндаманы тыңдаған соң депутаттар заң жобасының нормаларына қатысты сұрақтарын қойды. Талқылау нәтижесінде заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдау туралы шешім қабылданды.

Мәжіліс сондай-ақ 2023 жылы 21 тамызда Ханойда қол қойылған Қазақстан мен Вьетнам арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімді ратификациялады. Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев қазіргі таңда 23 мемлекетпен осындай келісімдер жасалғанын айтты. Келісім Вьетнамда қылмыс жасағаны үшін сотталған қазақстандықтарға жазасын Қазақстанда өтеуге мүмкіндік береді.  

 – Шарт халықаралық құқық негізінде егеменді мемлекеттер теңдігі қағидаларын басшылыққа ала отырып жасалған. Негізгі мақсаты – екі ел арасындағы құқықтық ынтымақтастықты нығайту. Шарттың талаптарына келсек, сотталған адам екі елдің бірінің азаматы болуы тиіс, өз еркімен елге қайтару туралы келісімі керек және екі елде де қылмыс болып саналатын әрекеттер үшін сотталған болу қажет, – деді Ғалымжан Қойгелдиев.

Заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі Нұрсұлтан Байтілесов қосымша баяндамасында шартты ратификациялау сотталғандарды оңалту және өз ұлтының қоғамына интеграциялау үшін қолайлы жағдай туғызатынын атап өтті. Вьетнам азаматтары да Қазақстанда сотталған жағдайда осындай мүмкіндікке ие болады.

 Бұдан бөлек Мәжіліс комитеттері жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады. Олар: Бір тараптан ЕАЭО пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Иран Ислам Республикасы арасындағы еркін сауда туралы келісімді, Қазақстан мен БАӘ үкіметтері арасындағы жел электр станциясы жобасын іске асыру туралы келісімді және Қазақстан мен Қатар арасындағы ұстап беру туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобалары.

Сондай-ақ жалпы отырыста Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің құрамына «Ақ жол» партиясы фракциясының жаңа депутаты Серік Ерубаев сайланды.

Сонымен қатар мәжілісмендер мемлекеттік органдарға өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша 11 депутаттық сауал жолдады. Олар Мәжілістің ресми сайты мен Telegram-арнасында жарияланды.

Суреттерді түсірген Ж. Жұмабеков, Т. Таныбаев

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив