Абай облысында өрт сөндірушілер мен орманшыларға ескерткіш ашылды
Абай облысында орман өртімен күресте қаза тапқан өрт сөндірушілер мен орманшыларға ескерткіш ашылды. Ашылу салтанатына облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев, облыстық мәслихат төрағасы Қуаныш Сүлейменов, қаза тапқан орманшылардың туыстары, мемлекеттік органдардың қызметкерлері және жергілікті тұрғындар қатысты. Шарада батырлардың құрметіне гүл шоқтарын қою рәсімі де өткізілді.
Ескерткіштің авторы — мүсінші Нұрбол Қалиев. Гранит тұғырға орнатылған сегіз метрлік ескерткіш тілсіз жауға қарсы тұрған «Семей Орманы» резерватының батыл орманшыларының рухына тағзым іспеттес. Қоладан жасалған ескерткіш қаза тапқандардың батылдығы мен өз істеріне деген адалдығын бейнелейтін рельефтермен безендірілген.
Ескерткіштің ашылуында сөз алған аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаев жерлестеріміздің ерлік даңқы өшпейтіндігін ерекше атап өтті.
Шарада қаза тапқан орманшылардың туыстары сөз сөйледі. Солардың бірі Арай Әмірханова ескерткіш батырларға құрмет екенін атап өтті.
Ескерткіш Бородулиха ауданындағы Камышенка орманшылығының маңы мен республикалық күре жолдың бойында орналасқан. Бұл батылдық пен адалдықтың мәңгілік символына айналып, өз халқының қауіпсіздігі мен табиғатты қорғау үшін өзін құрбан еткендерді еске салады.