Олимпиада чемпионы болудан үмітті спортшы Қарулы күштер қатарында қызмет етпек
Қуан Барыс Семейдегі әскери техникалық мектептің тәрбиеленушісі. Бірқатар әлемдік дүбірлі додаларда топ жарған курсант дзюдо күресінен Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері. Ол қазіргі таңда қарулас достарын бозкілем үстіне шақырып, күресте қолданатын әдіс-тәсілдерімен бөлісуде.
- Мен дзюдо күресімен тоғыз жасымнан бастап айналасамын. Өткен жылы Алматы қаласында болған жастар арасындағы чемпионатта топ жардым, сондай-ақ Өскемен қаласында 23 жасқа дейінгі санатта Қазақстанның чемпионы атандым. Мен Қарулы күштер қатарында қызмет ете отырып, спортты жаныма серік еткім келеді, - дейді Қуан Барыс.
73 салмақ дәрежесінде белдесетін жас балуан қызу дайындықта. Ол алдағы күндерде Италияның Рим қаласында өтетін байрақты бәсекеде бақ сынамақ. Қуанды тоғыз жасында күрес үйірмесіне әкесі жетектеп апарғанда, апасы да ақ батасын беріпті. Ақжаулықты әже немере келешегінен зор үміт күтеді.
- Қуан бала кезінен ширақ, зейінді бала болып өсті. Кішкентайынан құлын-тайға мініп, ат құлағында ойнайтын. Талай бәйгеде шабандоз болды. Міне, осы бір балалық шағынан қалыптасқан спортқа деген бейімділігі шығар, мектеп табалдырығын аттаған шақтан бастап күреске қатысты. Қазіргі таңға дейін әлемнің сан түрлі жерлерінде өнер көрсетті. Мен немеремнің олимпиада чемпионы болғанын қалаймын,- дейді Қуан Барыстың әжесі Бақтығайша Мұқашева.
Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі
Тағыда оқыңыз