Сүтті терең өңдеу және 4-5-ші сыныпты бидай бағасы: Серік Жұманғарин Павлодар облысы шаруаларымен кездесті
Павлодар облысы – еліміздегі егістік алқаптарының көлемі бойынша 4 орында. Жалпы егістік көлемі 1,6 млн гектар алқаптың 928,5 мың гектарына дәнді және бұршақты, 374,3 мың гектарына – майлы, 281,2 мың гектарына – мал азықтық дақылдар, қалғанына көкөніс егілді. Бүгінде облыста картоп толық жиналып, дәнді дақылдар мен көкөністердің 99%-ы жиналды, майлы дақылдар жинау жұмыстары басталды.
Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Павлодар облысына жасаған жұмыс сапары аясында «Agro-Trade PV» ЖШС-нің сыйымдылығы 10 мың тонна көкөніс сақтау қоймасы мен 1,2 мың мал басына арналған тауарлы-сүт фермасына барды. Аграрлық несие корпорациясының қолдауымен 2022 жылы салынған тауарлы-сүт фермасы жылына 4 млн литр сүт өндіреді. Одан соң шикізат қайта өңдеу үшін жергілікті сүт өңдеу зауытына жіберіледі.
Кәсіпорын мал азығы және картоп өсірумен айналысады. Вице-премьер көкөніс қоймасы базасында өңірдегі ірі фермерлермен кездесті. Шаруаларды 4-5-ші сыныпты астықты форвардтық сатып алу бағасы қызықтырды.
«Біз бидай өсіреміз, биыл егіннің басым бөлігі – 4-5-ші сыныпты. Азық-түлік корпорациясы 3-ші сыныпты бидай бағасын жариялады. Қазір 4-5-ші сыныптар бағасында ретсіздік бар, тоннасын 30-40 мың теңгеден ұсынуда. Азық-түлік корпорациясының бағасын білгіміз келеді», — деп қызығушылық танытты «БиК» ШҚ директоры.
Серік Жұманғарин шаруалармен әңгімелесу кезінде қазірдің өзінде сатып алу бағасы анықталғанын, Азық-түлік корпорациясы оны жақын күндері жариялайтынын жеткізді. Атап айтқанда, дәнінде 21-22% ақуызы бар 4-ші сынып үшін тоннасына 75 мың теңге деңгейінде баға қалыптастырылды.
Сондай-ақ кездесуде вице-премьер шаруаларға биыл 3 млн тоннаға жуық астық жөнелту жоспарланған Қытайға астық экспорттаудың үлкен әлеуеті туралы мәлімдеді. Сонымен қатар ол мал шаруашылығын дамытуды қолдаудың алдағы мемлекеттік бағдарламасы туралы тоқталып, бұл бағытта кәсіпкерлікті дамытуға көңіл бөлуге шақырды.
«Біз келесі жылы мал шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың ауқымды бағдарламасын іске қосуды, бірінші кезекте, аустралиялық әдіспен жүзеге асырылатын жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Бұл ретте суармалы егін шаруашылығын дамытуға да қолдау көрсетеміз. Сонымен қатар Ертіс өзені мен Қ. Сәтбаев атындағы каналдың әлеуеті Павлодар облысында 200 мың гектарға жуық жерді суармалы алқапқа айналдыру жобаларын іске асыруға мүмкіндік береді. Отандық жаңбырлатып суаратын қондырғылар өндірісінің болуын және мал шаруашылығын дамыту жөніндегі болашақ жобаларды ескере отырып, біз өңірге мемлекет жеңілдетілген несие беру арқылы қолдау көрсететін суармалы жерлерді дамыту жөніндегі бағдарламаны әзірлеуді ұсындық», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Сондай-ақ вице-премьер Lactalis Kazakhstan (ФудМастер) компаниялар тобына кіретін «Сүт» АҚ сүт өңдеу зауытында болды. Зауыт 220 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп, тәулігіне өңдеуге 200 тонна сүт қабылдап отыр. Мұнда сүт, айран, май және басқа да өнімдер шығарылады. Шикізат «Киров» ЖШС-нің жеке тауарлы-сүт фермасынан, облыстағы басқа да ірі тауарлы-сүт фермаларынан алынады.
«Сүт» АҚ басқарма төрағасы Светлана Таран бұған дейін кәсіпорын шикізаттың шамамен 70%-ын жергілікті өндірушілерден, ал, қалған көлем Қазақстанның басқа өңірлерінен сатып алынғанын айтты. Қазір жаңа тауарлы-сүт фермаларының іске қосылуына орай жергілікті ірі фермалар 96% сүтпен қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар зауыт өндіріс қуатын кезең-кезеңімен кеңейтуде – биылғы үшінші тоқсанда ультрапастерленген сүт өндіру бойынша қосымша желі іске қосылды.
Сонымен бірге вице-премьер Қазақстандағы танымал премиум-класты кеспе өндіретін «КЭММИ GROUP» ЖШС қызметімен танысты. Кәсіпорын жылына 150-ден астам өнім түрін, шамамен 10 мың тонна макарон өндіреді. Ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар, кәсіпорын өнімдерін Қырғызстан, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Моңғолия, Германия елдеріне экспорттайды.