Ардақты ұстаздар атына кабинет ашылды
Өмір жолын өскелең ұрпақтың білім алып, болашағын айқындауына арнайтын ұстаздық мамандықтың қашанда қастерлі екендігі ертеден мойындалған ақиқат.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға.
Ақырын жүріп анық бас,
Еңбегің кетпес далаға,-деген ұлы Абай жырының да босқа жазылмағандығы анық.
Ал жақында Бесқарағай ауданы Кривинка орта мектебінде Тыл ардагері, Бесқарағай ауданының Құрметті азаматы, «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» Әлихан Өмірханов пен оның тағдыр жолы табыстырған жары, осы Кривинка орта мектебінде айшықты ізін қалдырған ұлағатты ұстаз Светлана Мұхаметқалиқызының құрметіне математика кабинеті ашылды.
Қос ардақты ұстаздың есімін қастерлеген кабинеттің ашылу салтанатына Бесқарағай ауданы әкімінің орынбасары Нұржан Ағыбаев, Абай облыстық білім басқармасына қарасты инновациялық-әдістемелік орталық әдіскері Жанар Кеңесбекқызы, облыстық мәслихат депутаты Рафаиль Хазипов сондай-ақ ардагер ұстаздар, мектеп түлектері, оқушылары қатысты.
Заман талабына сай жабдықталған кабинет оқушылардың сапалы білім алуына қажетті барлық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда математика пәніне арналған ақпараттық стендтер мен интерактивті панельдер орнатылған.
Айта кетерлігі кабинетті Өмірхановтар әулеті өз қаражатына жабдықтап берген.
Әлихан Бахшанұлы мен оның жұбайы Светлана Мұхаметқалиқызы педагогика саласында көптеген жетістікке жетіп, бес бала тәрбиелеп өсірді, олардан он немере және үш шөбере сүйіп ғибратты ғұмыр кешкен асыл жандар. Олардың ұрпақтары ата-аналарының өнегелі өмір жолын жалғастырып, білім беру саласына қосқан өлшеусіз үлестерін ардақтауды мақсат етеді.