Елімізде егістікті су үнемдеу технологияларымен суаруға бөлінетін субсидиялар саны артып келеді
Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында биылғы вегетациялық кезеңінің қорытындылары туралы ҚР су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов баяндады.
Министрдің мәлімдеуінше, биылғы вегитациялық кезеңнен өту су ресурстарын басқару жөніндегі қабылданған шаралардың тиімділігін көрсетті.
Суару кезеңінде жалпы су көлемінің 65%-ын Арал-Сырдария, 26,6%-ын Балқаш-Алакөл және 8,4%-ын Шу-Талас бассейндері пайдаланды. Яғни, мұнда суармалы егіншілік дәстүрлі дамыған және осы бассейндер суының молдығы негізінен трансшекаралық өзендерге тәуелді.
Бұл ретте су тасқыны елдің оңтүстік өңірлеріне әсер етпеді. Соңғы жылдары Оңтүстікте су аз цикл болғандықтан су тапшылығын болдырмау үшін біз көрші елдермен келіссөздер жұмысын барынша күшейткенімізді және біз қол жеткізген барлық келісімдердің орындалғанын атап өткім келеді.
«Биыл біз Орталық Азия мемлекеттерімен, Қытай және Ресеймен трансшекаралық өзендер бойынша 28-ге жуық отырыс өткіздік. Мысалы, Арал-Сырдария бассейні бойынша биыл сәуір айында Шымкент қаласында Мемлекетаралық су шаруашылығы үйлестіру комиссиясының 86-шы отырысы өтті. Отырыс қорытындысы бойынша 2024 жылдың вегетациялық кезеңнің су жинау лимиттері бекітілді», — деп атап өтті спикер.
Кестеге сәйкес, суару кезеңінде Шардара су қоймасына 3,7 млрд м3 көлемінде су келеді деп күтілді, іс жүзінде 4,8 млрд м3 су түскен. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен екі есе көп және келісілген көлемнен 1,1 млрд м3 артық.
«Достық» каналы арқылы кепілдендірілген көлемде су алу үшін 2024 жылғы 6 маусымда «Бахри-Точик» су қоймасының жұмыс кестесі бойынша үшжақты хаттамаға қол қойылды. Хаттамаға сәйкес, «Достық» каналының қазақстандық бөлігіне су берудің жалпы көлемі 491 млн м3 болды. Іс жүзінде «Достық» каналы арқылы 1 маусым мен 30 тамыз аралығында қазақстандық бөлігіне 532 млн м3 су берілді, бұл келісілген көрсеткіштен 41 млн м3 артық.
«Суару кезеңінде шаруаларды егіндік сумен қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар Солтүстік Арал теңізіне шамамен 1 млрд м3 су жібере алдық. Бұл өткен жылғы көрсеткіштерден үш есе көп Солтүстік Арал теңізінің көлемін 22 млрд текше шақырымға арттыруға мүмкіндік берді. Шу-Талас бассейні бойынша, 26 сәуірде Бішкек қаласында Шу және Талас өзендерінде мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану жөніндегі Қазақстан мен Қырғыз Республикалары комиссиясының 33-ші отырысы өтті. Отырыс шеңберінде 2024 жылғы суару кезеңіне арналған Шу және Талас өзендерінің мемлекетаралық көздері бойынша су алу кестелері бекітілді», — деп баяндады министр.
Мұның нәтижесінде, Талас өзені бойынша болжанған 380 млн м3 судың орнына, іс жүзінде 418 млн м3 су алынды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 94 млн м3 артық. Ал Шу өзені бойынша су бекітілген кестеге сәйкес алынды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 32 млн м3 артық. Жалпы, екі бассейн бойынша суару кезеңі тұрақты өтті, су беру ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің сұраныстарына сәйкес жүзеге асырылды.
Балқаш-Алакөл бассейні бойынша да суару кезеңі сәтті өтті, шаруаларды тұрақты суармалы сумен қамтуға 2,94 км3 су алынды. Қалған бассейндер бойынша суару кезеңі өткен жылдар деңгейінде және қалыпты жағдайда өтті. Тұрақты суаруға шамамен 300 млн м3 су алынды.
Вегетациялық кезеңнің тұрақты өтуін қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылдан бастап мүдделі мемлекеттік органдармен облыс әкімдіктерімен бірлесіп суару маусымына дайындық жұмыстары жүргізілді.
Біріншіден, Министрлік сыртқы және ішкі іс-шараларды іске асыру көзделген 2023-2024 жылдардағы суару аралық және вегетациялық кезеңге арналған жұмыс жоспарын бекітті.
Екіншіден, тариф есебінен 230 гидротехникалық құрылыста жөндеу және жалпы ұзындығы 993 км суару желісіне механикалық тазарту жұмыстары жүргізілді.
Үшіншіден, вегетациялық кезеңде шаруаларға тарифтік жүктемені азайту және ортадағы делдалдарды жою мақсатында «Қазсушар» РМК мен су пайдаланушылар арасында тікелей келісімшарттар жасасу туралы шешім қабылданды. Бұл 50-ден астам делдалды алып тастауға және шаруаларға егіндік суды тікелей «Қазсушар» РМК-дан алуға мүмкіндік берді. 2024 жылы «Қазсушар» РМК филиалдары 24 710 келісімшарт жасасты. Бұл 2023 жылы көрсеткіштен 25%-ға артық.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында жыл сайын су үнемдеу технологияларын қолдану аумағын 150 мың гектарға дейін ұлғайту міндеті қойылды және әрбір облыс үшін тиісті индикаторлар белгіленді. Су үнемдеу саясатын одан әрі іске асыру және шаруаларды су үнемдеу технологияларына көшуге ынталандыру үшін негіз қаланды. Мәселен, Министрлік Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, инфрақұрылымды жүргізу кезінде ұңғымаларды бұрғылауға, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын сатып алуға және орнатуға шаруалардың шығындарын өтеу көзделген Инвестициялық субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізіп, субсидия мөлшерін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтты», — деп атап өтті Нұржан Нұржігітов.
Оның айтуынша, субсидиялар мөлшерін саралау бөлігінде су құнын субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізілді. Мәселен, 2024 жылдан бастап су үнемдеу технологияларын қолдана отырып суару кезінде егіндік суға субсидия мөлшері тариф құнына байланысты 60%-дан 80%-ға дейін көтерілді.
Су үнемдеу технологияларын қолданбай суару кезінде субсидиялар мөлшері тарифке байланысты 2024 жылғы 50%-дан, 2026 жылға қарай 30%-ға дейін төмендейді.
«Осы жылғы индикаторлардың орындалуына тоқталсақ, жергілікті атқарушы органдардың жедел дерегі бойынша 9 айдың қорытындысы бойынша ел аграрийлері шамамен 143 мың гектарға енгізді, оның ішінде су үнемдеу технологияларын қолдана отырып 49 мың гектарға жаңбырлатып, 36 мың гектарға тамшылатып суару және 58 мың гектар жер лазерлік жоспарлаушымен теңестірілді», — деді спикер.
Бұл ретте, осы бағытта белсенді жұмыс жүргізіп жатқан өңірлерді атап өтуге болады. Мәселен, жоспарлы көрсеткіштерге Абай облысы, Батыс Қазақстан облысы және Қызылорда облысы қол жеткізді. Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында , оң динамика байқалады. Дегенмен, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Жетісу, Ұлытау облыстарының белсенділігі төмен деңгейде.
Сонымен қатар бекітілген Мастер-жоспар шеңберінде келесі облыстарда жеткізілген индикаторларды төмендету фактілері бар: Атырау 0,7 мың гектарға, Жамбыл 7,5 мың гектарға және Қарағанды 2,8 мың гектарға.
«Біз судың «қара нарығын» жою бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Министрлікте жаңа ведомство – Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитеті құрылды. Жаңа комитет суды заңсыз пайдаланумен және оны есепке алу деректерінің бұрмалануымен, сондай-ақ елдің су объектілеріндегі құқыққа қарсы шаруашылық қызметпен күресетін болады. Бассейндік инспекция қызметкерлерінің саны 98-ден 242 бірлікке дейін өсті, әр облыс орталығында бөлімдер ашылды», — деді министр.
Келтірілген мәліметке сүйенсек, биыл тек Шу-Талас және Арал-Сырдария бассейндері бойынша тиісінше 51 және 217 әкімшілік іс қозғалып, су пайдаланушылардың су заңнамасын бұзғаны үшін айыппұлдар салынған. Алматы облысында да тексеріс жүргізілді және анықталған заң бұзушылықтардың қорытындысы бойынша шаралар қабылданды.
Жалпы, суару кезеңінде сумен жабдықтау жоспары толық көлемде орындалды, су мамандарының үйлесімді және кәсіби жұмысының арқасында отандық дихандардың егіндерін жоғалтуына жол бермей, егіндік сумен қамтамасыз ете алды.