Cемей-5°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
494.87 520.65 4.91

Елімізде су үнемдеу тәсілдерін қолданып жатқан суармалы жердің көлемі 85,1 мың гектарға ұлғайды

16-10-2024, 11:43 Думан Кенжеғазыұлы

Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов Қазақстанда ауыл шаруашылығы мақсатындағы суармалы жерлердің жалпы ауданы 1,9 млн гектарды құрайтынын хабарлады.

Олардың ішінде 1 млн гектар немесе 67%-ы жер үстімен су жіберу тәсілі арқылы суарылады, 98 мың гектар немесе 6,5%-ы – күріш алқаптарын суландыру арқылы, ал 397,3 мың гектарында немесе 26,3%-ында заманауи суару технологиялары қолданылды.

«Биылғы вегетациялық кезең ауа-райының құбылмалы болғанына қарамастан оң нәтижемен аяқталды. Қазгидрометтің деректері бойынша вегетациялық кезеңде атмосфералық және топырақ құрғақшылығы елдің оңтүстік және оңтүстік-батыс аймақтарында байқалды. Суармалы егіншілікке негізделген аймақтар суару маусымында сумен қамтамасыз етілуіне, су қоймаларының толуына және трансшекаралық өзендерден судың келуіне тәуелді. Биыл бұл факторлар да еліміздің суармалы егіншілігі үшін қолайлы болды», — деп мәлімдеді вице-министр.

Еліміздің суармалы жерлеріндегі негізгі дақылдарға – мал азығы, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар, көкөністер, тамыр дақылдары және басқа да ауыл шаруашылығы дақылдары жатады. Ұзақ мерзімді су үнемдеу шешімдері аясында Министрлік суды көп қажет ететін дақылдарды қысқарту және су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы егіс алқаптарын әртараптандыру бағдарламасын іске асыруда.

«2026 жылға дейін мақта алқаптарын – 36,4 мың гектарға, күріш алқаптарын – 14,1 мың гектарға қысқарту жоспарлануда. Өткен жылмен салыстырғанда күріш алқабы 2,2 мың гектарға қысқарып, 98,1 мың гектарға дейін жеткізілді, мақта егетін алаң 10 мың гектарға қысқарып, 106,4 мың гектарға дейін жетті», — деп мәлімдеді ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.

Сонымен қатар Қызылорда облысында коллекторлық суларды қайта пайдалану арқылы күріш алқабы 1,7 мың гектарға ұлғайтылып, 85,6 мың гектарға жеткізілді.

Республикада су үнемдеу технологияларын енгізу ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Мысалы, өткен жылмен салыстырғанда күріштің өнімділігі 8 центнерге, қант қызылшасы 109 центнерге, картоп 51,5 центнерге және көкөністер 26,5 центнерге артқан.

«Биыл су үнемдеу тәсілдерін қолданған суармалы жерлердің ауданы 85,1 мың гектарға ұлғайтылды, сондай-ақ 57,6 мың гектар жер лазерлі жоспарлау құрылғысымен тегістелді. Жыл қорытындысы бойынша су үнемдеу технологияларын қолдану арқылы енгізілетін алқаптардың көлемі 150 мың гектарға дейін жеткізілетін болады», — деді спикер. 

Айта кету керек, су үнемдеу технологияларын қолдану оң әсер беруде, бұл су шығынын азайтуға да, өсірілетін дақылдардың өнімділігін арттыруға да мүмкіндік береді. Мысалы, тамшылатып суару және жаңбырлату әдістерін қолданғанда, өнімділік 30%-ға жоғары болады.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, су үнемдеу технологияларымен суармалы жерлерді кеңейту жұмысы жүргізілуде. Биыл мұндай жер көлемі 462 мың гектарға, 2026 жылға қарай 762,2 мың гектарға жеткізіледі. 

«Министрлік қажетті мемлекеттік және қаржылық қолдау шараларын көрсетуде. Соңғы екі жылда инвестициялық субсидиялар аясында 594 жоба 33 млрд теңге соммасына қаржыландырылды. Сонымен қатар барлық облыста сенімді агент арқылы агроөнеркәсіп кешені саласындағы жобаларды несиелендіруді бағдарламасы іске асырыла бастады. Биылдан бастап, суару жобалары СҚО тәжрибесі аясындағы несиелендіруге жататын жобалар тізіміне енгізіліп, 10 жылға дейін 2,5%-бен қаржыландырылады», — деп атап өтті А. Сұлтанов.

Оның айтуынша, отандық суару жүйелерін қамтамасыз ету мақсатында екі жоба жүзеге асырылған. «BNK Irrigation» және «ADAM MANUFACTURING» компаниялары жыл сайын 1 мың бірліктен астам жабдық шығаруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар қазіргі уақытта инвестициялық жобалар пулында су үнемдеу жабдықтарын өндіру бойынша 3 жоба жүзеге асырылуда. 

Мәселен қытайлық «Vodar» компаниясы «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағында жаңбырлатқыш машиналарын өндіру жобасын іске асыруда. Жобаны пайдалануға берудің болжамды мерзімі 2025 жылдың қыркүйегіне жоспарланған. Кәсіпорынның жобалық қуаты 1000 барабан типті машина және 500 айналмалы жаңбырлатқыш машина.

Сол секілді Атырау облысында «KAZ-AFKO» түрік компаниясы айналмалы суару жүйелерін өндіру жобасын іске асыруда. Жобаның қуаты бірінші жылы 500 бірлікті құрайды, содан кейін оны 1000 бірлікке дейін ұлғайтады. Іске қосу 2024 жылдың соңына жоспарланған. Сонымен қатар жаңа компаниялар елдегі өндірісті ұйымдастыруға қызығушылық танытуда.

«Мысалға, түріктің AKPLAS компаниясы ирригациялық жүйелерді «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен бірлесіп, Қызылорда облысында ирригациялық жүйелерді өндіру жөніндегі жобаны іске асыруға ниет етіп отыр. Өндірісті іске қосудың жоспарланған мерзімі – 2025 жылдың үшінші тоқсаны. Шетелдік және қазақстандық компаниялардың күш-жігерін ұштастыру су үнемдеу секторын тұрақты дамыту үшін берік негіз құруға мүмкіндік береді», — деп мәлімдеді ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.


Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив