Мәжіліс жолаушыларды автокөлікпен тасымалдау саласындағы мемлекеттік функцияларды өзін-өзі реттеуге беру туралы заң жобасын қарастырады
Суретті түсірген Ж. Жұмабеков
Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.
Бірінші оқылымда депутаттардың талқылауына жолаушыларды автомобильмен тасымалдау саласындағы кейбір мемлекеттік функцияларды міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеуге беру мәселелері туралы заң жобасы ұсынылады. Бәсекелестік ортаға жолаушыларды облысаралық және халықаралық тұрақты тасымалдауды, тұрақты емес тасымалдауларды, сондай-ақ такси қызметін ұйымдастыру бойынша бірқатар мемлекеттік функцияны беру көзделген. Осыған байланысты «Көлік туралы», «Автомобиль көлігі туралы», «Астана мәртебесі туралы», «Рұқсаттар мен хабарламалар туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарға өзгерістер енгізу қарастырылады.
Сондай-ақ күн тәртібі жобасына Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы өніміне арналған қоймалық куәліктерді шығару (беру), олардың айналысы және өтелу қағидалары туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы енгізілді. Құжат ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық пен өзара сауданы дамытуға бағытталған.