Cемей-4°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
494.87 520.65 4.91

Қазақстан мен Чехия: ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері

22-10-2024, 11:43 Думан Кенжеғазыұлы

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Астанаға ресми сапармен келген Чех Республикасының Сыртқы істер министрі Ян Липавскимен келіссөздер өткізді.

Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін, өңірлік және жаһандық күн тәртібін талқылап, өзара тиімді байланысты одан әрі тереңдетудің перспективалары туралы пікір алмасты.

Қазақстан СІМ басшысы Чехиямен дипломатиялық қатынастардың 30 жылы барысында саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық диалогтың қарқынды дамуын ризашылықпен атап өтті. Министр сондай-ақ соңғы жылдары сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жанданғанын, бұл өзара тауар айналымының өсуі мен тікелей шетелдік  инвестициялар ағынымен көрініс тапқанын айтты.

Ерекше назар машина жасау, көлік, логистика, фармацевтика, энергетика, нанотехнологиялар және сутегі өндірісі салаларындағы ынтымақтастық перспективаларына аударылды. Қазақстандағы «Škoda Auto», «Omnipol», «Home Credit Bank» және басқа да жетекші чех компанияларының табысты қызметі ескерілді.

Осы орайда Қазақстан сыртқы саяси ведомствосының басшысы «энергетикалық және климаттық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты кеңейту үшін болашағы зор мүмкіндіктерді көріп отырғанын» атап өтті.

Өз кезегінде Я. Липавски Чехияның Қазақстанмен барлық салаларда көпқырлы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екенін растады. Атап айтқанда, ол: «Біз Қазақстанмен серіктестікке үлкен мән береміз. Менің сапарым біздің екіжақты қатынастарымызды саяси салада ғана емес, сонымен қатар сауда және инвестиция салаларында да одан әрі тереңдетуге ықпал етеді деп сенемін», – деді.

Келіссөздер барысында Транскаспий халықаралық көлік бағытының Еуропа мен Азия арасындағы өзара байланысты қамтамасыз етудегі және сауданы дамытудағы рөлі талқыланды.

Елімізде атом электр станциясын салу бойынша референдумның нәтижелерін ескере отырып, қазақстандық тарап бұл салада Чехияның тәжірибесіне қызығушылық білдірді.

Чехия Премьер-Министрі Петр Фиаланың 2023 жылғы сәуірде елімізге жасаған сапары нәтижесінде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру барысын талқылап, министрлер биыл Астана мен Прага арасындағы тікелей әуе қатынасының ашылуының маңыздылығын атап өтті. Бұл бизнес, туризм және мәдениет салаларындағы байланыстарды кеңейтуге ықпал етеді.

Пржевальский жылқыларын Қазақстан аумағына реинтродукциялау бойынша қазақ-чех жобасының сәтті басталғаны да талқыланды. 2024 жылғы маусымда осы сирек кездесетін жылқы түрінің алғашқы жетеуі «Алтын Дала» қорығына әкелінді, ал алдағы бес жылда жалпы 40 жылқыны әкелу жоспарлануда.

Тараптар ғылым, зерттеулер және жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастықты жандандыруға келісті. Чех министрі Қазақстан азаматтары үшін ЕО визалық режимін жеңілдету туралы келісім жобасы бойынша келіссөздерді жылдам бастауға қолдау білдірді.

Еуропа мен Таяу Шығыстағы қақтығыстарды қоса алғанда, өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмаса отырып, Қазақстан мен Чехияның сыртқы саяси ведомстволарының басшылары жанжалдасушы тараптар арасында бейбіт және сындарлы диалогты қайта жандандыруға үміт білдірді.

М. Нұртілеу Қазақстанның БҰҰ Жарғысының қағидаттарына, сондай-ақ кез келген қақтығыстарды тек бейбіт жолмен шешуге бағытталған теңгерімді сыртқы саясатына берік бейілділігін растады.

Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Астана мен Прага арасындағы дәстүрлі жемісті ынтымақтастық аясында қазақ дипломаты Чехияны 2025-2027 жылдарға БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне сайлануымен құттықтады.

Келіссөздердің қорытындысы бойынша Қазақстан мен Чехияның сыртқы істер министрліктері арасындағы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Анықтама: Чехия Қазақстанның ЕО-дағы тоғыз ірі сауда серіктесінің қатарына кіреді. 2023 жылы екіжақты тауар айналымы 626,8 млн АҚШ долларын құрады (+48,4%), оның ішінде экспорт – 147,7 млн доллар, импорт – 479,1 млн доллар. 2024 жылғы қаңтар-тамыз аралығында екіжақты тауар айналымы 357,9 млн долларды құрады. 2005 жылдан бері Қазақстанға Чехиядан келген тікелей инвестиция көлемі 354,5 млн долларға жетті. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл көрсеткіш 24,9 млн доллар көлемінде болды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив