Идеологияның бірыңғай жоспары
Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаменті ұйымдастырған «Аналардың жүрегі» сарбаздар аналары кеңесі Республикалық қоғамдық бірлестігінің Абай облысы бойынша өкілі Татерова Айнур Баяхметовна мен ҚР ҰҚК Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаментінің психологы подполковник Ахмет Асыл-Төленді Қанатұлы Мақаншы ауданы бойынша шекара басқармасының Шығанақ және Қарабас шекара бөлімшелерінде мерзімді әскери қызметшілердің қызметтік күндерімен танысып, олардың жағдайларын біліп қайтты.
Шекара бекеттерін аралаудың басты мақсаты – сарбаздарға жасалған жағдайды көзбен көру, олардың қызметтік ортада қалай жұмыс істеп жатқанын бағалау. Бұл сапар барысында асхана, жатын орындары мен моншаның санитарлық жағдайы тексерілді, ас мәзірі мен медициналық қызмет көрсету жағдайымен таныстық.
Айнур Баяхметовнаның айтуынша, сарбаздардың психо-эмоционалдық жағдайы – басты назарда. Осыған байланысты, ол сарбаздармен әңгімелесіп, анонимді сұрақ-жауап жүргізіп, әскери ортадағы хал-ахуалды білуге тырысты. Сонымен қатар, түрлі тренингтер мен ойындар ұйымдастырып, сарбаздардың көңіл-күйлерін көтеруге көңіл бөлді.
Сарбаздардың эмоционалды қалжырауын алдын алу – бұл жұмыстың маңызды аспектісі. Әскери қызметтің ауыртпалығы мен стресстері сарбаздардың психологиялық жағдайына әсер етуі мүмкін, сондықтан оларға қолдау көрсету және көңіл-күйлерін көтеру – ерекше маңызды.
Идеологияның бірыңғай жоспары арқылы аналар мен қоғамның назарын сарбаздардың жағдайына аудару, олардың моральдық және психологиялық қолдау алуына ықпал ету – біздің басты міндетіміз. Сарбаздарымыздың денсаулығы мен көңіл-күйі – еліміздің қауіпсіздігі үшін маңызды факторлардың бірі.
Абай облысы бойынша шекара бөлімшелеріндегі сапарымыз осындай мақсаттарға жетуге, сарбаздардың жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстарымызды жалғастыруға септігін тигізеді.