Қазақстанда дәрі-дәрмектерді сатып алуды басқару жүйесін трансформациялау жоспарлануда
«СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Еркен Жақатаев Үкімет отырысында соңғы жылдары мемлекет пациенттерді қамтамасыз ететін дәрі-дәрмектердің тізімін едәуір ұлғайтқанын баяндады. Жалпы, Бірыңғай дистрибьютор сатып алатын препараттар мен медициналық бұйымдардың көлемі 2010 жылмен салыстырғанда қаржылай мәнде 15 есе өсті.
Бүгінгі таңда «СҚ-Фармация» бүкіл еліміз бойынша 1200-ден астам стационар мен 700 емхананы дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етеді. Биыл «СҚ-Фармация» тізбесінде 480 млрд теңгеге 1588 фармацевтика атауы бар. 35 отандық өндірушілермен 4 мыңға жуық дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды жеткізуге ұзақ мерзімді шарттар жасалды.
«Бұл көрсеткіштерге аймақтардың алыстығына қарамастан, бүкіл республика бойынша бағаларды теңестіру әсеріне алып келген сатып алуды орталықтандыру арқылы қол жеткізілді», — деп атап өтті Еркен Жақатаев.
Дәрі-дәрмектерді республикалық ұйымға алты логистикалық провайдер жеткізетіні атап өтілді. 2009 жылы «СҚ-Фармацияда» бір ғана қойма болды, бұл бүкіл еліміз бойынша уақтылы жеткізу мүмкіндігін шектейтін. Бүгінгі күні жасалған шарттар шеңберінде Қазақстан бойынша стратегиялық орналасқан және температура мен сақтау жағдайларын бақылаудың озық жүйелерімен жарақтандырылған жалпы ауданы 300 мың текше метрге жуық 14 заманауи қойма бар. Бұл барлық дәрі-дәрмектер пен медициналық бұйымдардың қауіпсіздігі мен сақталуын қамтамасыз етеді.
Болашақта компанияның негізгі функционалдық бағыттарына баса назар аудара отырып, сатып алуды басқару жүйелерін трансформациялау жоспарлануда. Атап айтқанда, айтылған деректерге сәйкес, сатып алудың барлық кезеңін жоспарлаудан бастап сатып алуға дейін толық автоматтандыру енгізіледі, денсаулық сақтау экожүйесімен одан әрі интеграциялана отырып, бірыңғай ақпараттық база жасалады.
«Біз Қазақстандық өндірушілермен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасай отырып, отандық фармацевтикалық өндірісті дамытуды белсенді түрде қолдаймыз. Біздің медициналық мекемелерді өмірлік маңызды препараттармен және бұйымдармен қамтамасыз ету жөніндегі жүйелі жұмысымыз денсаулық сақтаудың тұрақты дамуына және еліміздің барлық азаматы үшін медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға ықпал ететініне сенімдіміз», — деп атап өтті Еркен Жақатаев.