Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Мәскеудегі Достастық іс-шарасына қатысты
Ресей Федерациясында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер қорғаныс министрлері кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Отырыс басталғанға дейін делегация басшылары әскери даңқ мемориалы – Белгісіз сарбаздың қабіріне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.
Қорғаныс министрлері ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің 2030 жылға дейінгі әскери ынтымақтастық тұжырымдамасының жобасын қарады.
1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына дайындыққа ерекше назар аударылды. Ұрыс даласында қаза тапқан жауынгерлерді еске алу мақсатында бірқатар іс-шаралар, оның ішінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің IV әскери-спорттық ойындары ұйымдастырылатын болады.
Отырыста сондай-ақ 2024 жылы Достастық мемлекеттері қорғаныс министрлері кеңесінің жұмыс органдарының әскери ынтымақтастықты дамыту жөніндегі қызметінің қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңге арналған жоспары белгіленді.