Сауда-экономикалық ынтымақтастықтың әлеуеті Қазақстан мен Ресейдің XX өңіраралық форумында талқыланды
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев 26-27 қараша күндері Башқұртстан астанасында өткен Қазақстан мен Ресейдің XX өңіраралық форумына қатысты. Форум екіжақты өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылау үшін негізгі алаңға айналды.
Жиында сауда-экономикалық ынтымақтастықтың әлеуетін іске асыру, өңіраралық байланыстар мен өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Пленарлық отырыстар мен панельдік сессияларға Қазақстан мен Ресейдің жоғары лауазымды өкілдері қатысты. Бұл форумның халықаралық аренада маңыздылығын айқындай түседі.
«Бүгін біз жаһандық сын-қатерлер жағдайында кооперацияны дамытудың қаншалықты маңызды екенін көріп отырмыз. Бизнесті қолдауға, инвестициялар үшін жағдай жасау мен экономикамыздың ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ететін бірлескен жобаларды іске асыруға ерекше назар аударған жөн», - деп атап өтті аймақ басшысы.
B2B-кездесулер алаңы форум қатысушыларының назарын аударып, тәжірибе алмасуға, жаңа іскерлік байланыстар орнатуға және экономиканың негізгі салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылауға мүмкіндік берді.