Шалқар Байбеков Көкентау мен Жазық ауылдарында болып, тұрғындармен кездесті
№2 бір мандатты аумақтық сайлау округі бойынша Абай облыстық мәслихаты депутаттығына үміткер Шалқар Байбеков сайлауалды бағдарламасын түсіндіру мақсатында Көкентау және Жазық ауылдарына сапар жасады.
Сапар барысында Шалқар Байбеков Көкентау ауылындағы мектепке және ауылдық амбулаторияға барып, олардың қазіргі жағдайымен танысты. Мектепте оқу-тәрбие процесінің сапасы мен материалдық-техникалық базасын тексеріп, мұғалімдер мен ата-аналардың пікірлерін тыңдады. Ауылдық амбулаторияда медициналық қызмет көрсету сапасы, қажетті құрал-жабдықтардың жетіспеушілігі және дәрігер кадрларын тарту мәселелері талқыланды. Үміткер ауыл тұрғындарының денсаулығын қорғау, медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру және денсаулық сақтау саласын жақсарту мәселелерін өзінің басты басымдықтарының бірі ретінде атап өтті.
Жазық ауылында Шалқар Байбеков жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді. Кездесу барысында үміткер өз бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу бойынша жоспарларымен бөлісті. Ауыл тұрғындары электр жүйелерін жаңарту, жол жөндеу, ауыз су жеткізу, ауыл шаруашылығын қолдау және жастарды жұмыспен қамту сияқты өзекті мәселелерді көтерді.
Шалқар Байбеков тұрғындардың ұсыныстарын тыңдап, олардың әрбір сұрағына жауап берді. Ол бұл мәселелерді шешу үшін тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеуге және ауылдың инфрақұрылымын дамытуға бар күш-жігерін салуға уәде берді. Сонымен қатар, ол тұрғындардың бастамаларына қолдау көрсетіп, ауылдың дамуына үлес қосуға ниетті екенін айтты.
*№2 бір мандатты аумақтық сайлау округі бойынша Абай облыстық мәслихат депутаттығына үміткер Ш. Байбековтің сайлау қорынан төленді