Абай облысында келер жылы 12 спорт нысанын ашу жоспарлануда
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығы отандастарымыздың денсаулығы мен әл-ауқатын нығайтуда екенін бірнеше мәрте атап өткен болатын. Президент тапсырмасын орындау мақсатында «Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту жөніндегі 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» әзірленіп, ол Үкімет қаулысымен бекітілген. Аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаевтың төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық жиында облысымыздағы бұқаралық спортты дамыту үшін салынып жатқан спорттық инфрақұрылым жағдайы туралы ақпарат айтылды.
Спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Ержан Әбілқасымовтың мәліметінше, ағымдағы жылдың есебі бойынша облысымызда 244 мың адам спортпен тұрақты айналысатын көрінеді. Бұл өңір тұрғындарының 40 пайызын құрайды. Бүгінгі таңда халықты спорттық инфрақұрылыммен 1000 адамға шаққанда қамтамасыз ету 52 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш екі жыл бұрын 38 пайызды құраған еді. Бұл ауылдық елді мекендердегі жылдам тұрғызылатын ғимараттарды қоса алғанда, ірі спорттық кешендердің белсенді салынуының арқасында мүмкін болып отыр. Облыста стадион, жүзу бассейндері, хоккей, теннис корттары, ипподромдар мен жазықтағы құрылымдарды қоса алғанда 610 спорт нысаны бар. Соның ішінде ауылдық елді мекендерде 472 нысан жұмыс істейді.
2024 жылы облысымыздың Таскескен ауылындағы спорт модулі, «Самұрық-Қазына» қорының қаражаты есебінен Шүлбі кентінде көпфункционалды кешен мен демеушілер есебінен қайта жаңғыртылған Барқытбел ауылындағы спорт залы сияқты нысандар пайдалануға берілді. Бородулиха ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен Көкпекті ауылындағы жүзу бассейні құрылысы толық аяқталды. Енді нысандарды теңгерімге алу жұмыстары жүріп жатыр.
Қазігі таңда Курчатов қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Бесқарағай ауылындағы жүзу бассейні, Бородулиха ауданының Петропавловка ауылындағы спорт-демалыс орталығы, Абай ауданының Көкбай ауылындағы спорт модулінің құрылысы жүріп жатыр.
Демеушілер есебінен пайдалануға берілген және салынып жатқан спорт нысандары да бар. Мәселен, Үржар ауданы Жанай ауылында жаңа спорт залының құрылысы жүргізілсе, Егінсу, Бестерек және Елтай ауылдарында спорт залдары жаңғыртылуда. Семей қаласында толық көлемді жабық футбол манежін салу бойынша «Freedom Holding» компаниясы Абай облысы әкімдігімен меморандумға қол қойылды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жалғасуда. Бұрыңғы Пищевик стадионының аумағына 12,5 мың адамдық стадион салынады. Бұдан басқа, облыс бойынша 12 объектіге жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде.
Өз баяндамасының соңында басқарма басшысы Семей қаласында 500 көрерменге арналған трибуналары бар мұз модулін салуға баламалы жер учаскесін анықтауға көмек сұрады.
Аймақ басшысы өңірімізде салынатын спорт нысандары замануи талапқа сай әрі тұрғындар сұранысын қанағаттандыратын үлгіде болуы керектігі туралы басқарма басшысына тапсырма жүктеді.