Cемей-10°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
523.86 544.34 5.11

Үлескерлер құқығы қорғалатын болады – Самат Мұсабаев

10-12-2024, 17:52 Думан Кенжеғазыұлы

Соңғы уақытта қарқынды дамып келе жатқан құрылыс саласында соны өзгерістер орын алмақ. Атап айтқанда, жылдар бойы үлес­керлік арқылы баспаналы боламыз деген талай қазақтың жанайқайы алдағы уақытта өз шешімін табады.

Өйткені Қазақстан Респуб­ликасы Парламент Мәжілісі депутаттары бастама жасап, заңды айналып өтуге құрық салатын өзгерістер мен толықтырулар енгіз­бек. Атап айтқанда, жаңа заң жобасында электрондық нысанда келісімшарттар жасасу, оларды міндетті есепке алуды, құрылыс компанияларының қаржылық есебін қадағалау және инжинирингтік компаниялардың құрылыс жұмыстарына ай сайын мониторинг жүргізуін қолға алу секілді тағы басқа да маңызды шаралар қамтылған. Осыған байланысты Мәжілістің алдағы жалпы отырысында бірінші оқылымда қаралатын «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңнамалық актілеріне құрылыс саласын жетілдіру және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасындағы өзге де өзекті мәселелер туралы Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаевпен сұхбаттасқан едік.

– Самат Базарбайұлы, «Қазақстан Республикасы тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заң жобасына нақты қандай негізгі өзгерістер енгізілді?

– Аталған заң жобасында негізінен үлескерлердің құқығын қорғау мәселесіне қатысты шаралар қарастырылған. Өздері­ңізге белгілі, бүгінгі күні үлестік құрылыстың үш тәсілі бар. Олар: бірінші – Бірыңғай опе­ратордан кепілдік алу. Екінші – екінші деңгейдегі банктің жобаға қатысуы. Үшін­ші – көппәтерлі тұрғын үйдің қаңқасы тұрғызылғаннан кейін үлескерлердің ақша­сын тарту.

Қазір құрылыс салушылар үлестік заң­наманы айналып өту мақсатымен жеке не­месе заңды тұлғалармен әртүрлі келісім­дер жасасады. Яғни, алдын ала шарттар, инвестициялау, брондау және тағы басқа. Мұндай шарттар азаматтық құқықтық қатынастар тәртібімен құрылады және бірде-бір мемлекеттік базада тіркелмейді. Сондықтан аталмыш құжаттар тұрғын үйдің алдағы уақытта толық бітуіне кепілдік бермейді. 

Осындай олқылықтардың алдын алу үшін Азаматтық кодекспен мұндай келісімдер жасалуына тыйым салынбақ. Атап айтқанда, құрылысы жүріп жатқан нысанды әкімдік­тің рұқсаты немесе Біріңғай оператордың кепілдігі болмаған жағдайда жарнамалауға және Екінші деңгейлі банктер ипотека рәсімдеуге шектеу қойылмақ. Ал заңсыз үлескерлердің ақшасын тартқан жағдайда және жарнама жасалғаны үшін әкімшілік айыппұл көлемін 2 000 айлық есептік көр­сеткішке дейін ұлғайту жолдары қа­рас­ты­рылған. Сонымен қатар «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» базасында үлес­керлерді қолдау орталығын құру да назардан тыс қалған жоқ.

Осылайша, Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңның қолдану аясы кеңейтілмек. Ашып айтсақ, шағын қабатты тұрғын үй кешендерін және 50-ден аса жеке тұрғын үй кешендерін салу аталған заңмен реттелетін болады.  

Жасыратын жоқ, елімізде тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселесі әлі күнге дейін бір жүйеге келе алмай отыр. Қа­зіргі таңда, мысалы, тек Астана қаласының өзінде 51 құрылыс компаниясы пәтерлерді заңсыз сатқан. Олар үлескерлермен заңсыз келісімдер жасаған. Бұл мәселені шешіп, құрылыстарды аяқтау үшін шамамен 7 мил­лиард теңге қажет. Бұл заң жүз пайыз тәртіп орнатпаса да, саланы реттеуге мүмкіндік береді. Заңсыз әрекет ететін компанияларды тәртіпке келтіреді және халықтың мүддесін қорғауға мүмкіндік береді деп сенеміз.

– Үлескерлерден қаражат тартатын құ­рылыс салушыларға қойылатын талаптар өзгере ме?

– Иә, жоғарыда айтылған өзгерістерден бөлек, құрылыс салушыларды ынталандыру шаралары да қарастырылған. Мәселен, үлестік тұрғын үй құрылысымен айналыс­қысы келетін құрылыс компанияларна, яғни үлестік қатысу нарығына заңды түрде «кіруге» арналған талаптар жеңілдетілмек.

Атап айтсақ, Бірыңғай оператордың кепілдігін алу үшін немесе екінші деңгейлі банктердің жобасына қатысу шарттары, яғни жұмыс тәжірибесі бойынша талаптарды төмендету ұсынылған. Мысалы, жұмыс істеу мерзімі 3 жылдан 2 жылға дейін, ал тәжірибесі республикалық маңызы бар қалалар мен Астанада 18 мыңнан 10 мың шаршы метрге дейін, басқа өңірлерде 10 мыңнан 5 мың шаршы метрге дейін қыс­қартылған. 

Көппәтерлі тұрғын үйдің қаңқасы тұр­ғызылғаннан кейін үлескерлердің ақшасын тарту тәсіліне қатысу талаптары респуб­ликалық маңызы бар қалалар мен Астанада 60 мыңнан 36 мың шаршы метрге дейін, басқа өңірлерде 36 мыңнан 18 мың шаршы метрге дейін, жұмыс істеу мерзімі 5 жылдан 3 жылға дейін қысқартылған. 

Бұдан басқа, үлестік салымдарға қолже­тімділікті арттыру мақсатымен:

уәкілетті компания екінші деңгейлі банк­терде ағымдағы шотты ғана емес, жи­нақ және валюта шоттарын ашу мүмкіндігі;

мердігерге аванстық төлемдер мөлшерін ұлғайту;

үлескерлердің ақшасын әкімдіктен рұқ­сат алғаннан кейін ғана пайдалану құ­қығы;

тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудың Бірыңғай ақпараттық жүйесінде (Қазреестр) міндетті түрде есепке ала отырып, жазбаша және электрондық нысанда үлестік қатысу шарттарын жасасуды қамтамасыз ету шаралары қарастырылған.

– Электрондық нысанда тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу шарттарын жасасу қалай жүзеге асырылады?

– «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңының қолданыстағы тәртібіне сәйкес, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарт жазбаша (қағаз немесе электронды) жасалады. Сондай-ақ көппәтерлі тұрғын үйдің орналасқан же­рін­дегі әкімдікте шартты есепке қойған кезден бастап күшіне енген болып есептеледі. Бұл – Уәкілетті компания мен үлескер ара­сындағы келісімшарт. Аталмыш шартты әкімдікте есепке алу «Жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттарды, сондай-ақ олар бойынша талап ету құқықтарын басқаға беру туралы шарттарды есепке алуды жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Ұлттық эко­номика министрінің 2016 жылғы 30 қыр­күйектегі № 434 бұйрығымен реттеледі және мемлекеттік қызмет түрі.

Қағидаға сәйкес, Уәкілетті компания мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудың бірыңғай ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – «ҚазРеестр» АЖ) арқылы Шарт жасалған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде «ҚазРеестр» ақпараттық жүйесі арқылы әкімдікке Шартты есепке қою үшін өтінім жолдайды.

Өз кезегінде әкімдік тіркеуге келіп түскен үлестік шарттың үлгілік нысанына сәйкестігін, сондай-ақ көппәтерлі тұрғын үйдегі үлеске үшінші тұлғалардың бұрын есепке қойылған құқықтарының болуын тексереді. 

Нәтижесінде, әкімдік «ҚазРеестр» ақпараттық жүйесі арқылы үлестік шартты есепке қойып, Уәкілетті компанияға «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттың есептік жазбасы туралы» үзінді береді.

Шарттың электрондық көшірмесін (қағаз күйінде жасалған шарттың сканерін) есепке қою 3 жұмыс күні ішінде, ал элек­трондық шартты есепке қою 1 жұмыс күні ішінде асырылады. 

– Жергілікті атқарушы органдар арқылы үлестік қатысу шарттарын есепке алу және құрылыс барысына мониторинг жүргізу ісі қалай жүргізіледі?

– Заңға сәйкес Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудың 3 тәсілі жайлы жоғарыдай айтып өттік. Ал құрылыс барысына мони­торинг жүргізу Инжинирингтік компаниялар арқылы жүзеге асырылады.

Инжинирингтік компания Бірыңғай операторға, екінші деңгейдегі банкке немесе әкімдікке (тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастыру тәсіліне қарай) көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысының барысын мониторингтеу нәтижелері туралы есепті уәкілетті орган бекіткен нысанға сәйкес ай сайын ұсынуға міндетті.

Осы заң жобасында инжинирингтік компаниялардың үлестік қатысуды ұйым­дастыру тәсіліне қарамастан, әкімдікке қосымша есептер беру міндеті көзделеді. Есептерді E-Qurylys бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы ұсынады.

Жүйені пайдалану – үлестік құрылыс­тың барысын бақылауға, үлескерлердің қаражатын мақсатты пайдалануға монито­ринг жүргізуге, жобалау-сметалық құжатта­мада (ЖСҚ) белгіленген мерзімдердің сақ­талуын тексеруге мүмкіндік береді.

Демек, әкімдіктер бір ақпараттық жүйе арқылы объектілер құрылысының барысына толық мониторинг жүргізе алады. Сонымен қатар қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылап, ЖСҚ-да белгіленген мерзімде құ­рылысты аяқталуын қамтамасыз ете алады.

Егер мониторинг барысында құ­ры­лыстың нормативтік мерзімдерінен арт­тақалушылық анықталған жағдайда, әкім­дік нақты объек­тіні құрылыстың аяқ­талмау қаупіне ұшырауы мүмкін деп айқындайтын және осындай құ­рылыс салушыларға тиісті шараларды қол­данатын болады. Нәтижесінде, құрылыс аяқталғаннан кейін құрылыс салушылардың жауап­кер­шілігі артады және үлескерлердің құқықтары қорғалады.

– Әңгімеңізге рақмет

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив