Cемей-10°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
523.86 544.34 5.11

Трансшекаралық көлік-логистика хабтарын құру шикізаттық емес тауарлар экспорты көлемін 30%-ға арттырады

11-12-2024, 11:43 Думан Кенжеғазыұлы

Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында трансшекаралық хабтардың дамуы туралы сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиев баяндады.

Мемлекет басшысы Орталық Азия мен Каспий өңірінде Қазақстанды толыққанды көлік-логистикалық хаб ретінде қалыптастыру міндетін қойды. Белгіленген мақсатқа қол жеткізу үшін ел шекараларында – Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей Федерациясы және Каспий аймағында – көлік-логистикалық және сауда тораптары құрылуда. Трансшекаралық хабтарды құру мен дамытудың мақсаттары, міндеттері және тәсілдері Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында көзделген. Хабтар құру шекара маңындағы елдермен сауда қарым-қатынастарын жеделдетіп, шикізаттық емес экспорт көлемін 30%-ға арттырады және бизнесті жүргізудегі логистикалық рәсімдерді жеңілдетеді.

Индустриялық сауда-логистикалық кешені жобасының орналасу орны ретінде Қазақстан жағындағы «Қарасу» мен Қырғызстандағы «Ақ-Тілек» транзиттік өткізу бекеттерінің маңайы таңдалды. Бұл – Қырғызстанмен ең қарқынды транзиттік пункттердің бірі. 

Кешен «Алматы – Бішкек» бағытының бойында орналасады, бұл – халықаралық «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы дәлізінің бір бөлігі. Индустриялық сауда-логистикалық кешен қызметтерді сақтау, тауарларды алдын ала сату үшін дайындау, консолидациялау және көтерме партиялар бойынша қайта бөлу қызметтерін ұсынады.

Қазіргі уақытта Индустриялық сауда-логистикалық кешенінің әлеуетті резиденттер пулы қалыптасып жатыр. Оған ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, көтерме және бөлшек сауда саласындағы компаниялар кіреді.

«Кешен аумағында жеңілдетілген шекаралық жүйе мен автокөлік құралдары мен жүктерді тіркеу жүйесі жұмыс істейді, ал тауарлар жаңа көпір арқылы тасымалданады, бұл қолданыстағы өткізу пункттеріндегі жүктемені айтарлықтай жеңілдетуге мүмкіндік береді. Кешенді 2026 жылға дейн іске қосылады деп жоспарланған», — деп атап өтті министр.

«Орталық Азия» халықаралық өндірістік кооперация орталығы өңірдегі ең ірі жүк ағындарын консолидациялау, өңдеу және тарату, сондай-ақ «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізі аясында өндірістік кооперацияны дамыту орталығы болады.

Орталық «Атамекен» (Қазақстан) және «Гулистан» (Өзбекстан) бақылау-өткізу бекеттеріне жақын орналасады және өндірістік алаңдардан, сақтау қоймаларын, сондай-ақ көлік инфрақұрылымынан тұрады. Бұл жүк тасымалдауды жылдамдатуға, логистикалық шығындарды азайтуға, жеткізу тізбегіндегі қатысушылар санын қысқартуға, өнімнің соңғы тұтынушы үшін құнын төмендетуге және жеткізілімдердің жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді.

«Орталық жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын құруды, ауылшаруашылық және өнеркәсіптік өнімдерді қайта өңдеу, машина жасау мен металды өңдеу, фармацевтика, электротехника, химия, тері өңдеу, тоқыма және тігін өнеркәсібі саласындағы өндірісті дамытуға қолдау көрсетеді. Оған қоса, Global Textile компаниясының дайын тоқыма өнімдерін өндіру жобасы жүзеге асырылады. “Орталық Азия” халықаралық өндірістік кооперация орталығының құрылуы шекара маңындағы елдермен екіжақты сауда-экономикалық қатынастардың одан әрі артуына оң әсерін тигізіп, екі елдің өндірушілері мен кәсіпкерлері арасында іскерлік байланыстарды жандандырады. Өз кезегінде, арадағы тауар айналымды алдағы 5 жылда $10 млрд-қа дейін арттыруға ықпал етеді», — деп түсіндірді спикер. 

«Еуразия» трансшекаралық сауда орталығы Орынбор, Саратов, Самара қалаларына және Ресейдің ең ірі федералды округтеріне және Шығыс Еуропа елдеріне шығатын бағыттармен байланыс орнатылған жүк ағындарының түйінді нүктесі саналатын – Орал қаласының әуежайына жақын аумақта орналасады.

Орталықты жүзеге асыру үшін бояулар, полимерлі жабындар, пластикалық қаптамалар/контейнерлер және 3D декор-панельдер өндірісі бойынша инвестициялық жобаларға арналған индустриалды аймақ құрылған.

«Еуразия» орталығының іске қосылуы Батыс Қазақстан облысына макроэкономикалық әсер береді, яғни:

  • жүк және тауарларды жеткізудің халық шаруашылығындағы үлесін 5-10%-ға төмендету;

  • логистикалық шығындардың төмендеуі есебінен инфляция деңгейін төмендету;

  • өндірістерді орналастыру жобаларының инвестициялық тартымдылығын арттыру.

«Евразия» трансшекаралық сауда орталығының іске қосылуы 2026 жылға жоспарланған. Қорғас торабы – Қазақстан Республикасының транзиттік әлеуетін кеңейтуде ажырамас элемент, сондай-ақ Қытай Халық Республикасының «Бір белдеу – бір жол» ғаламдық концепциясының бір бөлігі, мұнда географиялық орналасу, инфрақұрылымдық әлеует, Еуропа мен Таяу Шығыс елдеріне шығу мүмкіндігі ескеріледі.

«Қорғас торабы» жобасын жүзеге асыру инфрақұрылымдық нысандарды («Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастық орталығы» арнайы экономикалық аймақ, «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы, «Нұр-Жолы» бақылау-өткізу бекеті, «Алтынкөл» т/ж стансасы және «Құрғақ порт» т/ж терминалы) біріктіру және интеграциялау арқылы экспорт, транзит көлемін арттыру және өндірістік кооперацияны дамытуға бағытталған. Қорғас торабы Қазақстан мен Қытай шекарасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға серпін береді. Каспий торабы 100 млн халқы бар Каспий маңы аймағының елдеріне (Әзербайжан, Түрікменстан, Иран, РФ) бағытталады. Жобаның практикалық іске асуы контейнерлерді сақтауға және теміржол вагондарынан теңіз контейнерлеріне қайта тиеуге арналған алаң салу, сондай-ақ олардың сапалы өңдеу қызметтерін ұсынуды қамтиды. Каспий торабы Қытайдан Еуропаға транзиттік жүктердің Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы арқылы көлемін арттыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ “Түркменбашы – Ақтау – ҚХР” контейнерлік желісін дамытуға жол ашады», — деді министр.

Өз кезегінде спикер Каспий торабында хабтарды дамыту аясында іске асырылатын жобалардың бірі – «Ақтау теңіз портында контейнерлік хаб салу» жобасы екенін мәлімдеді. Бүгінгі таңда жобаны іске асыру бойынша жұмыстар басталған, «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағынан 19 гектар жер учаскесі бөлінген. Жобаның әлеуетті инвесторы – «ГК Порт Ляньюньган» портымен инвестициялар тарту туралы келісім жасалды.

Сонымен қатар «PSA International» (Сингапур), «Abu Dhabi Ports Group» (БАӘ), «Adani Group» (Үндістан), «Rhenus» (Германия) сияқты халықаралық компаниялар жобаны іске асыруға қызығушылық танытты. Жобаны ҚР Көлік министрлігі Маңғыстау облысының әкімдігімен бірлесіп іске асыруда. Ақтау портындағы контейнерлік хаб құрылысы 2025 жылдың ІІ тоқсанында аяқталады.

«Тағы бір жоба – Құрық портының дамуы мен өркендеуіне серпін беретін “Саржа” көпфункционалды теңіз терминалын салу. Жоба инвесторы – «SEMURG INVEST» компаниясы. Жобаны іске асыру аясында жалпы қуаты шамамен 10 млн тонна болатын жалпы жүк терминалын, әмбебап терминалды, сұйық жүк терминалын, сондай-ақ көлік-логистикалық орталық пен өндірістік кешен салу көзделген. 2023 жылдың қарашасынан бастап жалпы жүк ауыстырып тиеу жұмыстары басталды, қазіргі уақытта 73 мың тоннадан астам металл мен тыңайтқыш өңделді. Жобаның аяқталу мерзімі – 2026 жыл. Бүгінгі таңда хабтарды құруға қажетті ұйымдастыру және өкімдік құжаттарды қабылдау бойынша іс-шаралар мен рәсімдер толық аяқталды», — деп баяндады Арман Шаққалиев. 

Атап айтқанда, Өзбекстан және Қырғызстанмен 2 үкіметаралық келісімге қол қойылып, индустриялық аймақтар құрылған.

Шекара маңы елдерімен бірлескен өндірістерді құру және шекаралық хабтар жүйесін қалыптастыру арқылы дамушы аймақтарды құру келесі нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда:

  • Қазақстанның құрлықаралық және мемлекетаралық экономикалық дәліздер жүйесіндегі рөлін күшейтуге;

  • елдер арасындағы тауар айналымының өсуіне және стратегиялық қатынастарды нығайтуға;

  • өнеркәсіптік кооперация мен көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға;

  • еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға;

  • халықаралық жүк тасымалы ағындарын қамтамасыз ету үшін заманауи мультимодальды хабтар ұйымдастыруға ықпалын тигізеді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив