«YDA Holding» Қазақстанда инвестициялық қызметін кеңейтуді жоспарлауда
«Kazakh Invest» ҰК» АҚ алаңында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров түрік «YDA Holding» компаниясының басқарма төрағасы Хүсейін Арсланмен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар компаниялар тобының Қазақстандағы инвестициялық қызметін кеңейту жоспарларын талқылады.
Х.Арсланның айтуынша, қазіргі жағдайда Орта дәліздің жоғары әлеуеті мен Транскаспий халықаралық көлік маршрутының маңызы артып келеді, сондай-ақ ол ауыл шаруашылығының қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жергілікті өндірісті дамыту маңызды екенін атап өтті. Осыған байланысты басқарма төрағасы «YDA Holding»-тің Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені мен көлік-логистика саласындағы жобаларды іске асыруға қызығушылық танытып отырғанын білдірді.
Өз кезегінде Ә.Қуантыров Түркиямен стратегиялық әріптестік деңгейін атап өтіп, «YDA Holding»-пен көпжылдық табысты ынтымақтастық тәжірибесі бар екенін жеткізді. Осыған байланысты Министрдің орынбасары инвестициялар туралы келісім жасасу және жобаны сәтті іске асыру үшін салалық мемлекеттік органдармен келіссөздер ұйымдастыруға қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
«YDA Holding» – құрылысқа маманданған әртараптандырылған компаниялар тобы. Топтың портфелінде құны 10,2 млрд АҚШ долларын құрайтын 12 елдегі жобалар бар. Компания Қазақстанда 2002 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақытқа дейін құны 320 млн долларды құрайтын үш жобаны жүзеге асырды: Ақтау және Түркістан қалаларындағы халықаралық әуежайлардың құрылысы, сондай-ақ «Астана-Технополис» АЭА-дағы «YDA Industrial Park» көпсалалы өндірісті ашты. Қазіргі уақытта құны шамамен 1,35 млрд доллар құрайтын тағы үш жоба іске асырылу сатысында.