Құрылыс басқармасы тарапынан 49 жаңа нысанның жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде
Абай облысында құрылыс саласында ауқымды жұмыстар атқарылып, мемлекеттік бағдарламалар аясында көптеген жобалар жүзеге асырылуда. Құрылысқа бөлінген жалпы қаржы көлемі 291 млрд теңгені құрады. Жоспарланған барлық жобалар белгіленген мерзімде жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз маслихатында Абай облысы құрылыс басқармасының басшысы Шыңғыс Риаханов баяндады.
Тұрғын үй құрылысы бойынша да айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Абай облысындағы 2024 жылы тұрғын үй салу жоспары 404,7 мың шаршы метрді құрайды. Бұл 3 797 пәтер.
Шыңғыс Риахановтың айтуынша, денсаулық сақтау саласында ауылдық амбулаториялар, медициналық пункттер мен реанимациялық бөлімшелер салынып, спорт саласында дене шынықтыру кешендері, бассейндер мен стадиондар құрылысы, мәдениет саласында ауылдық клубтар мен мәдениет үйлері, сондай-ақ балаларға арналған орталықтардың құрылысы аяқталған.