Cемей-1°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
495.2 522.34 4.94

Абай облысы әкімінің ОКҚ алаңында өткен брифингте сөйлеген сөзі

23-11-2023, 16:43 018.kz

Қайырлы күн, құрметті баспасөз-мәслихатына қатысушылар!

Қадірлі журналистер!

Өздеріңізбен, Орталық коммуникациялар қызметі алаңында кездескеніме қуаныштымын!

Алғашқы жылымыз, әлеуметтік-экономикалық даму тұрғысынан ОҢ серпінге ие.

Жыл көлемінде, ай сайын, барлық индикаторлар бойынша тұрақты өсім сақталуда.

Бүгінгі таңда, өңірдің қысқа мерзімді экономикалық индикаторы – 107,5% құрады.

Негізгі капиталға салынған инвестиция44,2%-ға өсіп, 426,2 млрд тенгені құрады.

Құрылыс саласында өсім – 141,1%-ға, өнеркәсіпте – 106,3%-ға, ішкі саудада – 103%-ға, ауылшаруашылығында – 101,7%-ға тіркелді.

233,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 2443 отбасы баспаналы болды.

Өндіріс қарқыны әлеуметтік көрсеткіштерге де ОҢ әсерін тигізді.

Орташа айлық жалақы 17,6% - ға өсіп, 292,8 мың теңгені құрады.

Облыс бюджетінің өз кірістері 141%-ға өсіп, қазынаға 87,4 млрд. теңге түсті.

Биыл облыс бюджетінің көлемі 419,2 млрд. теңгені құрады.

Сумен жабдықтау нысандарынқаржыландыру 3 есеге, жолдарды жөндеу – 2,3 есеге ұлғайды. Білім беру саласы бойынша шығыстар 1,2 есеге, денсаулық сақтау – 2 есеге,
ауыл шаруашылығы – 7 еседен артық өсті.

Облыс орталығы – Семей қаласының бюджеті 103,1 млрд. теңгені құрады. 

Бұл өткен жылмен салыстырғанда 51,4%-ға артық.

Тұрғын-үй коммуналды шаруашылық саласын қаржыландыру 2 есеге, әлеуметтік қорғау – 23%-ға ұлғайды.

* * *

Қадірлі журналистер!

Мемлекет басшысының тапсырмасымен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2023-2027 жылдарға арналған Кешенді жоспары Үкіметтің қаулысымен бекітілгенін білесіздер.

Ондағы инвестиция көлемі – 1,9 трлн. теңге. 102 іс-шара қаралған.

Биыл 89,2 млрд теңгеге 45 іс – шараны іске асыру жоспарланған. Тиісті жұмыстар басталды.

Бес жылға арналған инвестициялық жобалар пулы жасақталды.

Оған 8 мың жұмыс орнын қамтитын,
1,4 трлн теңгенің 44 жобасы енді.

Биыл 600 жаңа жұмыс орны бар 3 жоба іске қосылды. Құны – 19,1 млрд.теңге. 

Агроөнеркәсіптік кешенде 5,3 млрд теңгеге 4 инвестициялық жоба іске асты.

Жылдың аяғына дейін, өңдеу өнеркәсібінде 11,9 млрд теңгеге, 150-ге жуық жұмыс орны бар, 4 жоба іске қосылады.

Ауыл шаруашылық мақсатында пайдаланбаған жерлерді қайтару жұмысы жалғасуда. 

Жалпы ауданы 387,9 мың гектар жер учаскесі анықталды. 

Оның 157 мың гектары қазіргі таңда қайтарылды. 

Қалған 97 мың гектар жыл аяғына дейін алынып, жылдық жоспар толық орындалады.

* * *

Инфрақұрылымдық сипаттағы жүйелік проблемаларды шешуге ерекше назар аударылып келеді. Ең маңызды мәселе – жылумен жабдықтау.

Семейде, оң жағалауда, 125 Гкал жылу энергиясының тапшылығы болды. Оны азайту үшін, екі жылу қазандығы қайта жаңарудан өтіп, жылу қуаты 40 Гкал-ға ұлғайды. Қалған тапшылық 85 Гкал. 

Сол сияқты – жылу желілерінің тозу мәселесі де бар.

Олардың жалпы ұзындығы – 464,5 км. Орташа тозу – 68%. 

Желінің 279 шақырымы қайта жөндеуді қажет етеді.

Биыл 24 млрд. теңгеге жылу желілері мен көздерін жөндеу, реконструкциялау бойыншажоспарлы жұмыстар жүргізілді.

Президент тапсырмасымен, жыл аяғына дейін, жаңа, ҮШІНШІ ЖЫЛУ-ЭЛЕКТР ОРТАЛЫҚТЫҢ технико-экономикалық негіздемесі әзірленіп болады. 

* * *

Халықты 100% таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 15,5 млрд.теңгеге 54 жоба іске асуда. 

Оның 20-сы биыл, қалған 34 нысан ауыспалы болып табылады.

Облыста орталықтанған ауыз-сумен қамту үлесі – 91,9%-ды құрайды.

2024-2025 жылдары су құбыры желілерінің 32 жобасы іске асады.

* * *

Көлік инфрақұрылымы саласында, Ертіс өзені арқылы жаңа, төрт жолақты, көпір құрылысы жүруде. 

Аспалы көпірдіжапон мамандары тексерді. Қазір жобалық-сметалық құжатамалары әзірленуде. 

2024-2025 жылдары көлік дәлізін кеңейту үшін, 270 км болатын «Бақты-Аягөз» темір жолының құрылысы жоспарланған.

24 шілдеде Техникалық-экономикалық негіздемеге сараптаманың оң қорытындысы алынды.

Әкімдік теміржол салуға арнайы жерлерді белгілеп, резервке қойды. 

Жоба – Қытай Халық Республикасымен екі-жақты теміржол тасымалы көлемінің жылдық мөлшерін, 20 млн.тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

* * *

Облыс бойынша тұрғын үй кезегінде
19 мыңнан астам адам бар. 

Оның 2442-сі көпбалалы отбасылар санатында.

Биыл біз, жалпы ауданы 480 мың шаршы метр болатын, 68 көппәтерлі және жеке тұрғын үй құрылысын жүргізіп келеміз. 

Алдағы ҮШ жылға тағы 148 көпқабатты тұрғын үйді іске қосу жоспарланған. Бұл – 6800 отбасын баспанамен қамтуға мүмкіндік береді.

* * *

Оқушы орын тапшылығын азайту үшін, «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2025 жылға дейін 5700 орындық 11 мектеп құрылысы жоспарланды. 

Биыл 5 мектеп салуға келісімшарт жасалып, ЕКЕУІНІҢ құрылысы Семей қаласында басталып кетті.

Бұдан бөлек, облыс орталығында «KAZ Minerals Management» қаржысы есебінен 1200 орындық мектеп салынып жатыр. 

2025 жылға дейін Білім беру инфрақұрылымын қолдау Қорының қаражаты есебінен 6 шағын мектеп, және жұмыс істеп тұрған мектептерге 6 қосымша құрылыс салынатын болады. 

Сол сияқты, балаларды қосымша біліммен жан-жақты қамту мақсатында көпбейінді Оқушылар сарайын салуды жоспарлап отырмыз.

Президент тапсырмасына сәйкес, биыл, 1-ші қыркүйектен бастап Шәкәрім университетінде «Shakarim High School» және Ә.Бөкейхан университетінде «Abay IT-School» мектептері ашылып, облыс жоғары оқу орындарына қосымша
500 арнаулы білім гранты бөлінді.

* * *

Денсаулық сақтау саласында 2025 жылға дейін 10,8 млрд.теңгеге 65 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандарының құрылысы жоспарланып отыр. 

Қазір жобалық-сметалық құжаттаманы ҮЛГІЛІК ЖОБАҒА байлау бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Семей қаласында 100,4 млрд. теңгеге
5 медициналық нысан
салу көзделіп отыр. 

Сонымен қатар, Қарағайлы ауданында, жеке инвесторлар есебінен ЕМХАНА мен НЕФРОЛОГИЯ орталығының құрылысы басталды.

* * *

ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ және әлеуметтік қорғау саласындағы міндеттемелер орындалуда.

Үш тоқсан қорытындысы бойынша жұмыссыздық орташа республикалық деңгейде сақталуда.

Биыл біз 24 926 жұмыс орнын құруды жоспарлап отырмыз. 

Қазір – 23 589 орын ашылды. Жоспар
95 пайызға орындалды.

Бұдан бөлек, жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдау және дамыту үшін 697,4 млн теңгеге 110 жеңілдетілген несие; жастардың кәсіпкерлік бастамалары үшін1,1 млрд. теңгеге, 2,5% үстеме ақымен 214 шағын несие берілді.

Сол сияқты, кредиттердің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға – 1 млрд. теңге бөлінді.

Осы жерде, тағы бір маңызды мәселеге көңіл бөлгім келеді.

Биыл біз, алғашқы болып, Президент тапсырмасымен мүгедектігі бар адамдарға арналған 150 орындық заманауи оңалту орталығын аштық. 

Бізге оның маңызы ерекше. Себебі, облыста 24 481 мүгедектігі бар адам тұрады. Оның 2 905-і – балалар.

Бұдан бөлек, Кешенді жоспарға сәйкес, біз, тағы да, Семей мен Аягөзде 150 орындық екі орталық салуды көздеп отырмыз. 

Қазір, жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. 

* * *

МӘДЕНИЕТ және СПОРТ саласындағы бастамалар мен жобалар, өткізілген шаралар туралы үнемі айтылып отырады. Сондықтан, уақыттарыңызды үнемдеу тұрғысынан, бұл мәселеге кеңінен тоқталмай-ақ қояйын.

Бір ғана мәселеге назар аударайын. 

Ол – біздің театр... 

Семейді, нақты айтқанда «Ойқұдықты», қазақ театрының «қара шаңырағы» деп айтады. Олай болса, бір шаңырақ астында үш бірдей өнер ұжымының жұмыс істеуі – ынғайсыз.

Сондықтан, біз, келешекте, Семейдің Жаңасемей бөлігінде, бұрыңғы Алаштың жұртында, заманауи мәдени нысан (конгресс-холлды) салуды жоспарлап қойдық. 

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Семей қаласын дамытудың БАС ЖОСПАРЫ әзірленуде. 

Сонымен қатар, Семейге қарасты
32 елді мекеннің басын қосып, дербес Жаңасемей ауданына біріктіру және Мақаншы ауданын қайта бөлу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Қарт Семейдің кескін-келбетін жақсарту, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру бағытында да жұмыстар үздіксіз атқарылып келеді.

Көпқабатты үйлердің 70-ке жуық ауласы абаттанды. 41 көппәтерлі тұрғын үйдің қасбеті жөндеуден өтті. 9 үйге муралдар салынды.

Жамақаев, Мәңгілік ел көшелері бойымен жаяу жүргіншілер жолы, тұтастай қоғамдық кеңістіктер құрылды. 

Аспалы көпір астында, «көпірасты кеңістіктер» пайдалануға берілді. 

Этно-ауыл құрылысы жүріп жатыр.

Жоласты өткелдері жөнделді. 

Жылы аялдамалар орнатылып келеді...

Келер жылы, Ертіс өзені арқылы жаяу жүргіншілер көпірі мен Бейбітшілік аралында балалар теміржолын салуды көздеп отырмыз. 

Құрметті баспасөз конференциясына қатысушылар!

Көріп отырғандай, жоспар бар, тиісті қолдау да бар. 

Біз осының бәрін ұтымды пайдаланып, тұрғындарға жайлы орта құру бағытында жұмыс жасайтын боламыз.

Ол үшін, әрине, уақыт керек. 

Біз, барлық күш-жігерімізді мәселені уақытылы, мейлінше жылдам, әрі тиімді шешуге мүдделіміз. Сондықтан, қоғамның, сіздердің қолдауларыңызбен мақсатымызға жетеміз деп ойлаймын. 

Рахмет! 

Сұраққа көшейік...

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив