Семейде алғаш рет Әлеуметтік шырша мерекесі өтті
Семей қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен биыл алғаш рет атаулы әлеуметтік көмек (ӘӘК) алатын отбасылардың 6-12 жас аралығындағы балаларына арналған Әлеуметтік шырша мерекесі өтті. Бұл игі шара қоғамның әлеуметтік аз қамтылған топтарына қолдау көрсетуді мақсат етті.
Мерекелік шараға 160-қа жуық бала қатысып, олар үшін арнайы әзірленген қызықты бағдарламаны тамашалады. Балалар ертегі кейіпкерлермен кездесіп, олардың өнерін тамашалап, сиқырға толы қойылымның куәсі болды. Сондай-ақ, әр балаға тәтті сыйлықтар табысталып, мереке ерекше көңіл-күймен есте қалды.
Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Арайбек Хамзаев қатысып, өз сөзінде балалардың бақытты балалық шағын қамтамасыз ету мен оларды қолдау маңызды екенін атап өтті. Ол Әлеуметтік шырша мерекесінің дәстүрлі түрде жалғасын табатынына сенім білдіріп, қатысушыларды Жаңа жылмен құттықтады.