Cемей-25°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
515.89 536.32 5.17

Мәжіліс депутаттары Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің делегациясымен кездесті

Кеше, 15:50 Думан Кенжеғазыұлы

Парламент Мәжілісінің депутаттары Елнұр Бейсенбаев, Амантай Жарқынбек, Дәулет Мұқаев, Ирина Смирнова және Нұргүл Тау Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің халықаралық байланыстар бөлімі меңгерушісінің орынбасары Чэнь Чжоу бастаған Қытай делегациясымен кездесті.

Кездесу барысында Елнұр Бейсенбаев меймандарды Қытай Халық Республикасының құрылғанына 75 жыл толуымен құттықтап, Коммунистік партияның және оның Бас хатшысы Си Цзиньпиннің басшылығымен Қытай 14 бесжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму жоспарына және 2035 жылға дейінгі ұзақ мерзімді мақсаттарға қол жеткізетініне сенім білдірді.

Тараптар ауқымды мәселелер бойынша жан-жақты пікір алмаса келіп, екі ел басшылығы арасындағы қарқынды байланыстар Қазақстан-Қытай қарым-қатынасы мен стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейде екенінің нақты көрсеткіші екенін атап өтті.

- Екі мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин 30 күнге дейін мерзімге визалық талаптардан босату, Қазақстан мен Қытайдың өзара мәдени орталықтарын құру сияқты тарихи келісімдерге қол жеткізді.  2024 жыл «Қытайдағы Қазақстан туризмі жылы» деп жарияланды, - деді қазақстандық депутат.

Кездесуге қатысушылардың пікірінше, 2024 жылғы 2-4 шілдеде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары және оның ШЫҰ саммитіне қатысуы екіжақты қатынастардағы маңызды оқиға болды.  Оның қорытындысы бойынша ынтымақтастықтың барлық саласында бірлескен мәлімдемеге және 30-дан астам мемлекетаралық, партияаралық, ведомствоаралық және коммерциялық құжаттарға қол қойылды. Бұл уағдаластықтар Қазақстан мен Қытай халықтары арасындағы берік достық пен өзара сенімнің жарқын үлгісі.

Әңгіме барысында  парламентаралық және партияаралық ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Мәжіліс депутаты Палата төрағасы Ерлан Қошановтың осы жылдың сәуір айында Қытайға ресми сапары екіжақты ынтымақтастықтағы маңызды оқиғаға айналғанына тоқталды. 

- Игі іс-шараны жалғастыра отырып, келер жылы Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзи мырзаның Қазақстанға ресми сапарын асыға күтеміз. Бұл сапар елдеріміз арасындағы «алтын» отыз жылдық достық пен стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңінде заң шығарушы органдар арасындағы қарым-қатынастарды дамытуға серпін беретініне сенімдімін, - деді Елнұр Бейсенбаев.

Өз кезегінде Чен Чжоу қазақстандық депутаттарға жылы лебізі үшін алғысын айтып, өзара қызығушылық тудыратын түрлі мәселелер бойынша елдер арасындағы тығыз ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға ниет білдірді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив