Бейжіңде Қытай – Қазақстан – Түрікменстан – Иран бағыты бойынша сарапшылар кеңесі өтті
Бейжіңде (ҚХР) ҚТЖ еншілес компаниясының («KTZ Express» АҚ) басшылығы Қытай – Қазақстан – Түрікменстан – Иран (ҚҚТИ) бағытын дамыту мәселелеріне арналған сараптамалық кеңеске қатысты. Іс-шарада 2024 жылғы маршрут жұмысының қорытындысы шығарылды, сондай-ақ одан әрі даму перспективалары талқыланды.
Ағымдағы жылғы 11 ай нәтижесінде маршрут бойынша жүк тасымалдау көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31% ұлғайды. Бұл нарық қатысушыларының осы бағытқа өсіп келе жатқан қызығушылығын растайды және логистикалық сервисті жақсарту бойынша іске асырылған шаралардың тиімділігін көрсетеді.
Талқылау барысында маршрутты дамытудың негізгі аспектілеріне: жүктерді жеткізу жылдамдығын арттыруға, кедендік рәсімдерді оңтайландыруға және логистикалық процестерді жеңілдетуге бағытталған заманауи цифрлық технологияларды енгізуге ерекше назар аударылды.
ҚҚТИ бағыты халықаралық саудадағы негізгі дәліздердің бірі ретінде дамуын жалғастыруда. Оның артықшылықтарының бірі – теңіз жолдарымен салыстырғанда жедел жеткізу уақыты, сенімді инфрақұрылым және Азия мен Таяу Шығыстың маңызды нарықтарымен тікелей байланыс.
«KTZ Express» АҚ ҚҚТИ маршрутында сапалы логистикалық сервисті қамтамасыз ету үшін серіктестермен белсенді ынтымақтастықты жалғастырады. Бұл жүк айналымының одан әрі өсуіне ықпал етеді, жаһандық жеткізу тізбегінің негізгі буыны ретінде Қазақстанның транзиттік әлеуетін нығайтады.