Нұртөре Жүсіп пен Түркияның Қазақстандағы Елшісі Мұстафа Капуджу парламентаралық дипломатияның даму келешегін талқылады
Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісімен кездесті.
Кездесу барысында Қазақстан-Түркия қарым-қатынастарын дамытудағы парламенттік дипломатияның рөлі талқыланды. Саяси-құқықтық, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларға ерекше назар аударылды. Тараптар екі ел Парламенттерінің өзара белсенді іс-қимылы маңызды екеніне тоқтала келіп, осы тәсіл стратегиялық әріптестікті нығайтудың басты құралы болып табылатынын атап өтті.
Тараптар парламентаралық өзара іс-қимыл байланыстары бойынша бірлескен шараларды ұйымдастыру, заң шығару ісінде тәжірибе алмасу және өзекті мәселелерді талқылауда парламентшілердің тұрақты кездесулерін өткізу мүмкіндіктерін қарастырды.
«Түркия Қазақстанға сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық сияқты стратегиялық салалардағы маңызды әріптестердің бірі. Дипломатиялық қатынастар орнаған сәттен бастап Қазақстан мен Түркияның байланыстары қарқынды дамып келеді. Бұл маңызды келісімдерге қол қою және ұзақ мерзімді қалыптасқан әріптестіктің негізіне айналған диалогпен нақтыланып отыр. Елдеріміз студенттер алмасу, мәдени шаралар мен ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру мәселелері бойынша ынтымақтастықты жалғастырып келеді. Тарих пен тілді зерттеуге деген өзара ынта-ықылас аса маңызды екені даусыз, ол екі халық арасындағы рухани байланыстарды нығайтуға ықпал етеді. Сондай-ақ біздің елдеріміздің халықаралық аренадағы ұстанымдарын нығайтуға және жалпы өңірдің дамуына зор әсер ететін болады», - деді Нұртөре Жүсіп.