«Ұлылар мекені» - ұрпақ қазынасы
Облыстық әкімдіктің қолдауымен «Абай жолы» сериясымен жарық көрген 20 кітаптың қатарында Шыңғыстаудың шежіре қарты, өлкетанушы қаламгер Бекен (Бекмұхаммед) Исабаевтың «Ұлылар мекені» атты кітабы да шыққан еді. Семейдегі Абай облыстық кітапханасында ұрпақ үшін құндылығы мол осы кітаптың таныстырылымы өтті. Бұл рухани шараға арнайы шақырылған Бөрілідегі М. Әуезов музейінің директоры Шаһжан Бекенұлы студент жастар алдында сөз алып, кітаптың құндылығы туралы кеңінен көсіле баяндады.
Айта кетерлігі сол, «Ұлылар мекені» - Абай Құнанбайұлының, Шәкәрім Құдайбердіұлының, Мұхтар Әуезов сынды ұлы тұлғалардың кіндік қаны тамған жердің тарихынан сыр шертетін құнды еңбек. Шыңғыстау өңірін, ұлылар өміріне қатысты жер атауларын зерттеуге бүкіл ғұмырын арнаған Бекен Кәнібайұлының бұл кітабы алғаш рет 2001 жылы Новосібір қаласынан басылып шыққанымен, таралымы аз болғандықтан оқырман қауымға жетпей қалды. Араға он жылға жуық уақыт салып, 2010 жылы «Информ – Арна» баспасынан шыққанда да жұрт іздеп жүретін құнды еңбекті қолына түсіруді армандағандар аз болған жоқ. Бірақ бұл жолы да түгелдей жеткен жоқ. Тек 2022 жылы Семейдегі «Zhardem» баспасынан руханият жанашыры, белгілі кәсіпкер Балтабек Наурызбаевтың демеушілігімен «Ұлылар мекені» мың данамен жарық көріп, олқылықтың орны толды. Ал 2024 жылдың соңында Абай облысы әкімдігінің қолдауымен тағы бір мәрте шығуы рухани қазынаның мән-маңызын тіптен арттыра түскені сөзсіз.
Қаламыздағы жоғары оқу орындарында білім алып жатқан жастар алдында сөз алған «Zhardem» баспасының директоры Айдар Құдайбергенов қазақтың шешіреші қарты Бекен Исабаевты өзіне ұстаз тұтатындығын айта келіп, қаламгердің шығармашылық шеберлігіне тоқталса, Абай музейінің аға ғылыми қызметкері Қуат Қиықбай жазушының абайтану саласына қосқан үлесін атап өтті.
Шара соңында Б. Исабаевтың өмірі мен шығармашылығын қамтитын куиз ойыны өткізіліп, студент жастардың қызығушылығын оятуымен есте қалды.