Қала әкімі Бегалин көшесін абаттандыру жобасын дайындауды тапсырды
Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевтың тапсырмасымен Семей қаласының әкімі Талғат Мұратов Бегалин көшесін абаттандыру мақсатында аралап қайтты. Нақтырақ айтқанда, сапар барысында Дастенов көшесінен бастап, тәжірибелік-эксперименттік зауытына дейінгі ғимараттар мен тұрғын үйлердің хәл-жағдайымен танысты.
Тексеру барысында қала тұрғындарының жағдайы үшін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мен «Семей Сәулет» ММ-не жаяу жүргіншілер жолы, демалыс аймақтары, орындықтар, жарықтандыру орнату үшін абаттандыру жобасын дайындауды тапсырды.
Осылайша қала көшелерін абаттандыру қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы жағдайлар жасап, әлеуметтік және экологиялық тұрғыдан маңызды артықшылықтар береді. Жоғарыда аталған жұмыстар осы жылдың көктемгі-жазғы кезеңінде жобаны қаржыландыруды қарастырған жағдайда жүзеге асырылатын болады.