Абай облысында студенттердің білім алуына жағдай жасалуда
Абай облысы студенттерге жоғары білім алуға кең мүмкіндіктер ұсынуда. Заманауи білім беру бастамалары мен әлеуметтік қолдау шаралары қолжетімді, әрі жайлы ортаны құруға ықпал етеді.
Мәселен, облыста үш университет жұмыс істейді: Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті, Семей медициналық университеті және Alikhan Bokeikhan University. Жоғары оқу орындарында 20 667 студент білім алуда, оның 6 618-і мемлекеттік білім грантының иегерлері.
Аймақтағы тарихы терең жоғары оқу орындарының бірі Шәкәрім университетінде 6711 студент білім алып жатса, оның ішінде 6 333-і бакалавр, 303-і магистратура және 75-і докторантурада. Сапалы білім деңгейімен танылған Семей медициналық университетінде 6035 студент бар. Олардың басым бөлігі бакалавриатта оқиды – 4231 студент, резидентураға 993 адам қабылданды. Облыстағы тағы бір ірі оқу орны – Alikhan Bokeikhan University. Оқу орнында 7921 студент білім алуда, оның ішінде 7401-і бакалавриатта оқуда.
Студенттердің жайлы өмір сүру жағдайын қамтамасыз етуде жатақханалар басты рөл атқарады. Облыстағы жоғары оқу орындарында жалпы сыйымдылығы 2280 орындық 10 жатақхана бар. Қазір мұнда 2083 студент тұрады.
Әлеуметтік осал топтағы студенттерге қосымша қолдау шаралары қарастырылған. Шәкәрім университетінде биылғы оқу жылында 49 жетім бала жатақханада тегін тұрып жатыр. Оларға да ай сайын 10 050 теңге жәрдемақы төленеді.
Семей қаласының медициналық университеті біржолғы материалдық көмек көрсетеді: жетім ер студенттерге – 165 200 теңге, жетім қыз студенттерге – 189 650 теңге. Alikhan Bokeikhan University-де жетім балалар жатақханада тегін тұрады.