Облыста халықты баспанамен қамтамасыз ету жалғасуда
2024 жылы Абай облысының Құрылыс басқармасы 364 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға берді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда көрсеткіштің 100,1 пайызын құрайды. Бұл жүздеген отбасыға баспаналы болуға мүмкіндік берді. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалға берілетін пәтерлерге ерекше назар аударылып, жалпы ауданы 79,5 мың шаршы метр болатын 1070 пәтер сатып алынды. 2024 жылы кезекте тұрған 848 адам баспанамен қамтамасыз етілді. Олардың ішінде 155 жетім бала, 307 халықтың әлеуметтік осал топтары, 225 көпбалалы отбасы, 91 мемлекеттік қызметкер мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, үйлері апатты деп танылған 70 жерлесіміз бар.
Қол жеткізілген нәтижелерге қарамастан, облыста тұрғын үйге сұраныс жоғары. Бүгінде кезекте тұрғандар саны 19 850 адам.Қолжетімді баспанамен қамтамасыз етудегі негізгі шаралардың бірі «Отбасы Банк» АҚ арқылы бағдарламаларды жүзеге асыру болып қала береді. Қазір үш негізгі бағдарлама ұсынылуда: Несие мерзімі 19 жылға дейінгі «Наурыз» бағдарламасы, сыйақы мөлшерлемесі жылдық 9% – ға дейінгі «Отау», сондай-ақ «ТКШ дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберіндегі бағдарлама ХӘОТ үшін – 2%, қалған кезекте тұрғандар үшін – 5%. Жалпы, соңғы бір жылда 1695-тен астам адам түрлі ипотекалық бағдарламалар арқылы жаңа пәтерлер мен үйлерде қоныс тойын тойлады.
Барлық санаттағы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмысы 2025 жылы жалғасады.