Сенаторлар салық және кедендік ақпараттық жүйелерді дамыту мәселелерін талқылады
Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары Қаржы министрлігі басшылығымен және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдерімен көшпелі кездесу өткізді. Шараның мақсаты – салық және кедендік ақпараттық жүйелердің жұмысымен танысу және оларды цифрландыру аясында одан әрі жетілдіру мәселесін талқылау болды.
Сенат комитетінің төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов кездесуді аша келіп, мемлекеттік үдерістерге заманауи цифрлық құралдарды енгізудің маңыздылығын атап өтті. Ол цифрландыру салықтық және кедендік әкімшілендіру әдістерін өзгертумен қатар азаматтар мен бизнеске жеңілдік туғызатынын және мемлекеттік институттарға деген сенімді арттырып, ашықтық пен тиімділікті қамтамасыз етуі тиіс екенін айтты.
Шара барысында Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының міндетін атқарушы Сейілжан Ахметов салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Сонымен қатар, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов бизнестің ақпараттық жүйелермен жұмыс барысында тап болатын негізгі проблемалық мәселелерін атап өтіп, оларды шешу жолдарын ұсынды.
Кездесу қорытындысы бойынша, салықтық және кедендік ақпараттық жүйелерді дамытудың келешегі, олардың ықпалдастығы, рәсімдерді жеңілдету және үдерістердің ашықтығын қамтамасыз ету шаралары талқыланды. Сенаторлар айтылған ұсыныстардың бәрі заңнамалық бастамаларды әзірлеу және цифрландыру жөніндегі алдағы жоспарды жасау кезінде ескерілетінін атап өтті