ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ №2 АУРУХАНАСЫНДА 50-ДЕН АСТАМ ШЕТЕЛДІК АЗАМАТТАРҒА НЕЙРОХИРУРГИЯЛЫҚ ОТА ЖАСАЛҒАН
Шымкентте шетелдік науқасқа күрделі оталардың бірі жасалып, бас миынан 6 см ісік алынды. Тәжікістаннан арнайы ем іздеп келген 18-жасар науқасты бас ауруы көптен бері мазалап жүрген. Ал соңғы жылдары дерт тіптен асқынып, шыдатпайтын халге жеткен. Мидан алынған ісіктің көлемі үлкен болғандықтан, ота кезіндегі қауіп те басым болған. Ақ халаттылардың айтуынша, мұндай ауру сирек кездеседі.
Соңғы кездері елімізге ем іздеп келетін шетелдіктер саны артқан. Науқастар арасында нейро және кардиохирургия, перинаталды медицина, нейрология, ортопедия, стоматология саласына сұраныс жоғары дейді дәрігерлер.
Айта кетейік, елімізде соның ішінде Шымкент қаласында шет елден ем іздеп келіп, дертінен айығып кеткен азаматтардың қатары көбейген. Дәрігерлер мұны медицина сапасының жақсаруымен және қызмет көрсету жағындағы бәсекелестіктің мықты болуымен байланыстырады.