Алматыдағы Армия үйінде тәрбиеші-офицерлерге құрмет көрсетілді
ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Алматы филиалында Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаевтың басшылығымен салтанатты жиын өтті.
Тәрбие құрылымдары институтының құрылған күніне арналған іс-шараға әскери қызметшілер мен жастар қатысты.
Кеңес Одағының батыры авиация генерал-майоры Сергей Луганскийге, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовке және Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевқа арналған іс-шаралар ұйымдастырылды.
Қорғаныс министрінің орынбасары атап өткендей, биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай Ақтөбеде Әуе қорғанысы күштері әскери институтының базасында "Айбын" халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны өтеді. Ол Кеңес Одағының Батыры мерген Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орайластырылып отыр.
Салтанатты жиын барысында Қорғаныс министрінің бұйрығымен көзге түскен офицерлер "Ел қорғаны" ведомстволық медалімен және грамоталармен марапатталды. Бірқатар әскери қызметшілерге мерзімінен бұрын әскери атақ берілді. Қарулы күштер ардагерлерінің жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуге қосқан үлесі Қорғаныс министрінің атынан грамоталармен марапатталды.
Кездесу соңында ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы филиалының шығармашылық ұжымы дайындаған мерекелік концерт өтті