Нұртөре Жүсіп қазақстандық мәдениетті халықаралық аренада ілгерілету мәселесін «Шәмші әлемі» қорының басшысымен талқылады
Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп «Шәмші әлемі» қоғамдық қорының атқарушы директоры Ботагөз Қалдаяқовамен кездесті. Онда мәдени мұраны сақтау және қазақстандық мәдениетті халықаралық аренада ілгерілету мәселелері қозғалды.
Депутат әңгіме барысында отандық ән өнерінің биігін бағындырған композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармалары туралы айта келіп, халқымыздың көрнекті мәдениет қайраткерлерін есте сақтаудың қажеттігіне тоқталды және олардың музыка тарихына қосқан үлесінің маңыздылығын атап өтті.
Тараптар кездесу соңында мәдени саланы одан әрі дамыту жөнінде пікір алмасты. Әсіресе, қазақстандық мәдениетті шетелде насихаттау, шығармашыл жастарды қолдау және халықаралық аренада еліміздің келбетін нығайтуға баса назар аударылды.