Семейде Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай салтанатты шара өтті
Биыл ақын, ойшыл Абай Құнанбаевтың 180 жылдық мерейтойы. Осыған орай дала данышпанының туған жерінде мерекелік шаралар легі жалғасуда. Облыс орталығында өткен шараға аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаев, облыстық мәслихат төрағасы Шалқар Байбеков, студенттер, қала жұртшылығы қатысты.
Мерекелік бағдарлама «Бибігүл» қазақ ұлт аспаптар оркестрінің орындауындағы ақынның «Торжорға» күйімен ашылды. Шарада сөз алған қала әкімі Талғат Мұратов облыс басшылығының қолдауымен бір ғана Семейде мәдениет, өнер, білім, спорт және басқа да салаларда 180-ге жуық іс-шара өтетінін атап өтті.
Театр сахнасына есімдері елге танымал ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Ерлан Рысқали, Жұпар Ғабдуллина, Азамат Жылтыркөзов, Айбек Бекбосынов, «Құрмет» орденінің иегері Клара Төленбаева, ҚР мәдениет саласының үздігі Гүлдана Ноғайбаева сынды өнерпаздардан бөлек жергілікті әншілер шығып, Абай шығармашылығынан әндер орындады.
Ақын мерейтойының аясындағы тағылымды шаралар алдағы уақытта да жалғаса бермек.