ҚР ИИДМ басшысы жетісулықтармен кездесіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Жетісу облысына жасаған жұмыс сапарында өңір халқымен кездесті. «Еркін микрофон» форматында өткен іс-шара кезінде тұрғындар көкейкесті сұрақтарын ведомство басшысына қоюға мүмкіндік алды.
Оның барысында тұрғын үй мен инновациялық гранттар беру, су бұру жүйелерін тарту, жол құрылысы және тағы да басқа мәселелер қаралды.
Мәселен, Ескелді ауданының тұрғыны Қарабұлақ ауылындағы кәріз жүйесі бүгінде халықтың су бұруға байланысты қажеттілігін 100%-ға қамти алмай отырғанына шағымданды. Өтініш берушінің айтуынша, қазір жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл ретте Марат Қарабаев облыс әкімдігі қажетті құжаттама мен негіздемені ұсынған жағдайда министрлік бюджеттік бағдарламалар шеңберінде жоғарыда айтылған жобаны қаржыландыру мәселесін қарастыруға дайын екенін айтты.
Министр айтқандай, мұндай форматтағы кездесулер халық пен билік арасында жемісті байланысты арттырудың тиімді тетігіне айналып отыр.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев орталық атқарушы органдардың басшыларына халықпен тұрақты түрде кездесіп тұруды тапсырған болатын. Оның негізгі мақсаты – халықтың ақпараттандыру деңгейін арттыру, жергілікті мәселелерді жедел шешіп, атқарушы органдардың халық алдындағы жауапкершілігін күшейту», деді Марат Кәрімжанұлы.
Сондай-ақ бұл күні М.Қарабаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдағанын айта кетейік. ҚР ИИДМ басшысымен кездесуге 6 адам жазылып, өтініштер жер қойнауын пайдалану, құрылыс, тұрғын үйді жекешелендіру, инфрақұрылым және т.б. салаларға қатысты болды. Мысалы, облыс тұрғыны С.Найзабекова министрге 3 учаскеге қатысты барлау лицензиясын қайтарып алуды өтінді. Осы орайда «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексінің 20-бабына сәйкес жер қойнауын пайдалануға лицензия алу пайдалы қазбаны өндіріп, иеленуге негіз беретін құқықтық тетік саналатынын атап өткен жөн. Барлауға және өндіруге арналған лицензия Мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасымен айқындалып, аумақтар бойынша берілетінін ескеру қажет.
Ал С.Әмірғалинов есімді азамат жүнді тазалау мен иірілген жіп өндірісіне арналған жабдықтарды орнатуға байланысты инвестициялық жобаны іске асыру үшін қажетті қондырғыны лизингке сатып алуға қолдау көрсетуді сұрады. Оның сауалына сәйкес ҚР ИИДМ Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы тиісті жобаларды қаржыландыру жөнінде бірқатар инвестициялық бағдарламаны әзірлегені туралы түсініктеме берілді. Атап айтқанда, жеңіл өнеркәсіп жобаларына жалпы 50 млрд теңге мөлшерінде қаражат қарастырылған. Сонымен қатар құжаттар пакеті Idfrk.kz сайтындағы жеке кабинет арқылы Өнеркәсіпті дамыту қорына берілетінін айта кету керек.
Азаматтар көтерген мәселелердің арасында тұрғын үй және инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге қатысты дәстүрлі сұрақтар да болды. Сонымен бірге Asma Industrial компаниясының өкілі өнеркәсіптік аккумулятор батареяларын өндіретін зауыттың құрылысын қаржыландыруға жәрдемдесуді өтінді. Осыған байланысты ҚР ИИДМ өнеркәсіптік аккумуляторлар өндірісін жолға қоюды қолдайтынын айта кеткен орынды. Ведомство басшысы бұл өтініш таяу арада қаралатынын жеткізді.
Қабылдауға жазылған барлық азаматқа заң нормалары түсіндіріліп, тұрғын үйді сатып алудың тең әрі әділ мүмкіндіктері қарастырылған қолданыстағы тұрғын үй саясаты туралы да ақпарат берілді.