Сарбаздар ардагерлермен кездесті

15 ақпан - Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылған күніне орай Аягөз гарнизоны 10810 әскери бөлімінде сарбаздардың Ауған соғысы ардагерлерлерімен кездесуі өтті.
Іс-шараның мақсаты – ардагерлермен сұхбаттасу арқылы жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру, азаматтық сезімдерін қалыптастыру, Отан сүйгіштікке баулу болып табылады.
Кездесу барысында 10810 әскери бөлімінің кітапханашысы азаматтық персонал Айман Даханова сарбаздарға Ауған соғысы жайлы ақпарат беріп өтті. Сонымен қатар ардагерлер Ауған соғысындағы қызықты оқиғалары мен ұрыс қимылдары кезінде кездескен қиын жағдайлары туралы әңгімелеп берді.
Шараға қатысушы мерзімді әскери қызметшілер ардагерлер айтқан түрлі оқиғаларды қызығушылықпен тыңдап, оларға жан-жақты сұрақтар қойып, тиісті жауаптарын алды. Ал ардагерлер ойларымен бөлісіп қана қоймай, қазіргі жастарға бейбіт өмірді сақтауға, түрлі арандатушылыққа бой алдырмауға, елімізді әркез қорғауға дайын болуға шақырды. Сондай-ақ, жас өрендерге ризашылықтарын білдіріп, қызметтеріне сәттілік тіледі.