Cемей-15°С
Ауа-райы
  • Абай-5°С
  • Аягөз-11°С
  • Ақсуат-12°С
  • Бородулиха-7°С
  • Қалбатау-10°С
  • Курчатов-9°С
  • Көкпекті-14°С
  • Үржар-6°С
502.47 525.83 5.68

Конфессияаралық диалогты ілгерілету: Сенат Төрағасы халықаралық конференцияға қатысты

Кеше, 17:52 Думан Кенжеғазыұлы

Парламент Сенатының Төрағасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі Хатшылығының Басшысы Мәулен Әшімбаев Бахрейн астанасы – Манама қаласында өткен ислам диалогын нығайту жөніндегі халықаралық конференцияға қатысты. Палата Спикері Форум алаңында Әл-Азһардың Жоғарғы имамы Шейх Ахмед ат-Тайебпен, Кавказ мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Шейх-ул-ислам Аллахшукюр Пашазадемен және Конференцияға келген басқа да бірқатар қатысушымен екіжақты кездесулер өткізді.

Бахрейнге сапар аясында Сенат Төрағасы осы елдің Королі Хамад бен Иса Әл-Халифамен де кездесті. Мәулен Әшімбаев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізін жеткізіп, Бахрейн Корольдігі еліміз үшін Парсы шығанағы аймағындағы маңызды серіктестердің бірі екеніне назар аударды. Сондай-ақ ол Қазақстан Корольдікпен көпжоспарлы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін атап өтті.

Халықаралық конференцияның пленарлық сессиясында сөз сөйлеген Мәулен Әшімбаев қазіргі таңда адамзат ішкі қайшылықтар, геосаяси тұрақсыздық, қарулы қақтығыстар, экстремизмнің насихатталуы сияқты жаһандық сын-қатерлерге тап болып отырғанын айтты. Сенат Спикері бұған дейінгі тәжірибе көрсеткендей, мұндай халықаралық шиеленіс радикалды идеологияларды тарату, ксенофобия мен жеккөрушілікті қоздыру үшін жиі қолданылатынын тілге тиек етті. Мәулен Әшімбаев осы тұрғыдан келгенде Бахрейндегі конференция бейбітшілік пен бірлікті нығайту және халықтар мен мәдениеттер арасындағы диалогты жүйелі жолға қою бағытында уақтылы қолға алынған маңызды алаң ретінде ерекше мәнге ие екенін атап өтті.

«Конференция халықаралық қоғамдастық үшін аса маңызды кезеңде ұйымдастырылып отыр. Дүниежүзі бетпе-бет келген бүгінгі сын-қатерлер мұсылман әлеміне ғана емес, бүкіл жаһандық тәртіптің негіздеріне қауіп төндіруде. Осы орайда ислам диалогын дамытуға арналған бұл конференция дер кезінде қолға алынған іргелі бастама екенін атап өткен жөн. Бахрейннің осы бағыттағы игі істері Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бейбітшілік пен диалог мәдениетін ілгерілетуге арналған бастамаларымен үндес. Бейбітшілік мен төзімділік идеяларын ілгерілету жолында Бахрейн Корольдігінің 2017 жылғы декларациясы мен «Шығыс пен Батыстың бейбіт қатар өмір сүруі үшін» ұранымен өткізілген Бахрейн диалог форумы да шешуші рөл атқарды. Сондай-ақ Король Хамадтың Бейбіт қатар өмір сүру жөніндегі жаһандық орталығы да осы прогрессивті ұстанымды белсенді түрде дәріптеп келеді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі Хатшылығының Басшысы конференцияның панельдік сессияларында дін тақырыбымен қатар көтерілген ғылым, білім, әйелдердің рөлі және басқа да тұжырымдамалық аспектілерді қамтитын мәселелердің өзектілігіне тоқталды.

Сенат Спикері Қазақстан халықаралық аренада белсенді дәріптеп келе жатқан бейбітшілікті, келісімді және өзара сенімді нығайтуға арналған негізгі тәсілдерді де атап өтті.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ел ішінде де, әлемдік аренада да бірлік, өзара түсіністік және конфессияаралық диалог мәдениетін дәйекті түрде дәріптеп келеді. Қыркүйек айында Астанада «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» тақырыбына арналған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII Съезі өтеді. Бұл бастама 20 жылдан астам уақыттың ішінде қазіргі өзекті проблемаларды шешуге рухани көшбасшылардың күш-жігерін жұмылдыратын беделді алаңға айналды. Съезд аясында Жас діни лидерлер форумы да өткізіліп келеді», – деді Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі Хатшылығының Басшысы.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Әл-Азһардың Жоғарғы имамы Шейх Ахмед Ат-Тайебпен кездесті. Онда тараптар конфессияаралық диалогты дамытудың өзекті мәселелері мен перспективаларын талқылады. Сенат Спикері Қазақстан ислам әлемінің негізгі білім, ғылым және рухани орталықтарының бірі саналатын Әл-Азһар университетіне үлкен құрметпен қарайтынын айтты. Сондай-ақ ол Жоғарғы имамға конфессияаралық диалогты нығайтуға қосқан үлесі мен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезінің идеяларын қолдап келе жатқаны үшін ризашылығын білдірді. Уақыт өткен сайын қазіргі құбылмалы әлемде Съезд құндылықтарының маңызы арта түскені анық.

«Әл-Азһар университеті – білім, бейбітшілік пен руханият идеяларын дәріптейтін аса маңызды орталықтардың бірі. Сіздің дінаралық диалогты нығайту жолындағы қызметіңіз халықаралық деңгейде үлкен құрметке лайық. Сіз Қазақстанның Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезін өткізу жөніндегі бастамасын белсенді қолдап келесіз. Сол үшін өзіңізге ерекше алғыс білдіреміз», – деп, Мәулен Әшімбаев Шейх Ахмед ат-Тайебке Мемлекет басшысының атынан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII Съезіне шақыруды табыс етті.

Өз кезегінде Әл-Азһардың Жоғарғы имамы Қазақстанның жаһандық дінаралық диалогты ілгерілету және нығайту бағытындағы маңызды рөліне назар аударды. Сондай-ақ ол теологиялық білім беру, ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастық сияқты маңызды бағыттарда одан әрі бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

Мәулен Әшімбаев Кавказ мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Шейх-ул-ислам Аллахшукюр Пашазадемен кездесуде Ақтау маңында Әзербайжанның AZAL әуе компаниясына тиесілі ұшақтың апатқа ұшырауына байланысты көңіл айтты. Сондай-ақ ол Кавказ мұсылмандары діни басқармасы ұзақ жылдар бойы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі көздеген мақсаттарға қол жеткізуге елеулі үлес қосып келе жатқанын атап өтті.

Сонымен қатар Қазақстан делегациясының мүшелері Бахрейннің Ислам істері жөніндегі Жоғары Кеңесінің төрағасы Шейх Абдулрахман бен Мохаммед бен Рашид Әл-Халифамен, БАӘ Ислам және уақыфтар істері жөніндегі Бас агенттігінің төрағасы Омар Хабтур Әл-Дареймен, Оксфорд Ислам зерттеулері орталығының директоры Фархан Ахмад Низамимен және Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Бас хатшысы Хиссейн Брахим Тахамен кездесті.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив