Cемей3°С
Ауа-райы
  • Абай-17°С
  • Аягөз-10°С
  • Ақсуат-15°С
  • Бородулиха-17°С
  • Қалбатау-15°С
  • Курчатов-4°С
  • Көкпекті-11°С
  • Үржар-10°С
503.15 543.3 5.93

Берік Уәли Аягөздегі әлеуметтік нысандарды аралады

3-03-2025, 10:27 Думан Кенжеғазыұлы

Абай облысының әкімі Берік Уәли Аягөз ауданына жұмыс сапары барысында Аягөз қаласындағы бірнеше әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралады.

Аймақ басшысы «Жайлы мектеп» бағдарламасымен салынып жатқан мектептің құрылысын көрді. Аягөз қаласындағы «Қуаныш» шағын ауданындағы 600 орындық білім ордасы биыл тамыз айында аяқталады деп жоспарланып отыр. Алайда нысанға тапсырыс беруші «Samruk Kazyna Construction» АҚ өкілдері облыс әкіміне мердігердің бұл мерзімде үлгере алмауы мүмкін екендігін жеткізді. Себебі, нысан басындағы жұмысшылар саны аз.

«Мердігерге жұмыс қарқынын күшейтіп, жұмысшы санын көбейтуді тапсырамын. Мектепті жаңа оқу жылына дейін аяқтау керек»,- деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі Аягөз қаласындағы тұрғын үй құрылысымен де танысты. Қазіргі таңда шаһарда бес қабатты, 60 пәтерлі екі тұрғын үй салынып жатыр. Баспаналар ипотекалық бағдарлама қатысушылары мен кезекте тұрғандарға беріледі. Бүгінде Аягөз ауданында 1500 адам баспана кезегінде тұр. Аймақ басшысы тұрғын үйлердің құрылысын мерзімінде аяқтап, сапасына ерекше көңіл бөлу керектігін атап өтті.

Өңір басшысы Аягөз қаласындағы ауданаралық орталық аурухана жанынан салынып жатқан 10 орындық реанимациялық бөлімнің құрылысында да болды. Нысанды салуға медициналық мекемелерді жаңғырту бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен қаражат бөлінген. Аурухананың бас дәрігері аймақ басшысына 7 дәрігердің жетіспейтінін айтып, кадр мәселесін шешуге көмек көрсетуді сұрады.

«Аягөз - облыстағы ең ірі аудандардың бірі. Аудан орталығында халық саны көбейіп келеді. Жергілікті әкімдік Денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп, кадр тапшылығы мәселесін шешуі керек. Жас мамандарды баспанамен қамтуға ерекше көңіл бөлу қажет»,- деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі жұмыс сапары барысында қаладағы Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде де болды. Қазіргі таңда ғимаратқа ағымдағы жөндеу қажет. Аймақ басшысы Спорт басқармасына нысанды жаңғырту үшін тиісті ұсыныс әзірлеуді тапсырды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив