Облыс әкімі Аягөздегі жылу қазандығының жұмысымен танысты
Абай облысының әкімі Берік Уәли Аягөз ауданына жұмыс сапары барысында Аягөз қаласындағы «Орталық» қазандығының жұмысымен танысты.
Бұл қазандық 57 көп қабатты үй, 13 әлеуметтік нысан, 8 бюджеттік ұйым мен 174 коммерциялық нысанды жылумен қамтамасыз етеді. Былтыр облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, 3 қазандық ағымдағы жөндеуден өтті. Өткен жылы қаладағы 4,2 шақырым жылу желілері ауыстырылды. Облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, аудан орталығындағы 10 шақырым жылу желілері жаңғыртуды қажет етеді. «Орталық» қазандығының қуатын арттыру үшін 3 қазандыққа күрделі жөндеу керек.
«Қазіргі таңда облыстық бюджетті қайта қарап жатырмыз. Аягөз қаласындағы қазандықтарды жаңғыртуға қаржы бөлу мәселесін қарастырамыз»,- деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы қаладағы «Біріккен энергосервистік компаниясы» АҚ-на қарасты электр жабдықтау станциясына да барды. Мекеменің жоба-жоспарымен танысып, электр жүйелерін жаңғырту жұмысының тұрғындар үшін маңыздылығын атап өтті.