Cемей3°С
Ауа-райы
  • Абай-17°С
  • Аягөз-10°С
  • Ақсуат-15°С
  • Бородулиха-17°С
  • Қалбатау-15°С
  • Курчатов-4°С
  • Көкпекті-11°С
  • Үржар-10°С
503.05 542.99 5.98

Биыл өңдеу өнеркәсібінде құны 1,5 трлн теңгені құрайтын 190 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр — Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

5-03-2025, 12:46 Думан Кенжеғазыұлы

ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев өңдеу өнеркәсібінің тұрақты дамуын қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында өңдеу өнеркәсібінің өсу үрдісін «бекітуді» тапсырған болатын. 

«Аталған саланы дамыту үшін биыл құны 1,5 трлн теңгені құрайтын 190 жоба енгізіледі. Сонымен қатар жалпы құны 15,3 трлн  теңге болатын 417  жоба бойынша жұмыс басталды. Жобаларды жеке инвестициялар, екінші деңгейлі банктер және даму институттары есебінен қаржыландыру көзделген», — деді спикер. 

Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, бүгінгі таңда 1,1 трлн теңгеден астам сомаға өңдеу өнеркәсібі жобаларын қаржыландыру пысықталып жатыр. Атап айтқанда, Қазақстан Даму банкі бойынша ірі жобаларды іске асыруға қажеттілік 183,5 млрд теңгеден астам соманы құрайды. 

«”Өнеркәсіпті дамыту қоры” бойынша – орта және шағын жобалар үшін 800 млрд теңге бөлу қарастырылуда. Оның ішінде, биыл шағын бизнес тарапынан сұранысқа ие шағын өнеркәсіптік аймақтарды қаржыландыруға шамамен 100 млрд теңгеге қажеттілік қалыптасты», — деп түсіндірді спикер. 

Аталған шаралар өнеркәсіптің өсуіне, жаңа жұмыс орындарын құруға және экономика салаларының дамуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы қоғамдық көлік пен арнайы техниканы жаңарту үшін лизингке шамамен 109 млрд теңге қарастырылып жатыр. Нәтижесінде, алдағы екі жылда 900 жуық жаңа автобус, сондай-ақ шұғыл және коммуналдық қызметтерге арналған 800-ден астам арнайы техника жеткізіледі. 

Жоғарыда аталған бағдарламаларды қаржыландыру үшін тиісті құжаттар дайын, осы бағытта жұмыс жалғасуда.

Биыл 19 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру үшін «Бәйтерек» арқылы 500 млрд теңге қосымша қаражат бөлу мәселесі пысықталуда. 

Атап айтқанда:

- жалға берілетін 21 мың пәтер сатып алу үшін 300 млрд теңге; 

- инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға 120 млрд теңге;

- Отбасы банкінің «2-10-20» және «5-10-20» ипотекалық бағдарламалары бойынша 80 млрд теңге.

«Министрлік бөлінген қаражатты тиімді игеру, стратегиялық маңызды бастамаларды қолдау және экономиканың тұрақты өсіміне жағдай жасау жұмыстарын жалғастырады», — деп түйіндеді сөзін өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив