Cемей2°С
Ауа-райы
  • Абай-17°С
  • Аягөз-10°С
  • Ақсуат-15°С
  • Бородулиха-17°С
  • Қалбатау-15°С
  • Курчатов-4°С
  • Көкпекті-11°С
  • Үржар-10°С
503.05 542.99 5.98

Қазақстан СІМ басшысы Жапонияға ресми сапармен барды

18-03-2025, 13:10 Думан Кенжеғазыұлы

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Жапонияға ресми сапармен барды.

Сапар аясында Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосының басшысы Жапония Премьер-министрі Шигеру Ишибамен кездесу өткізді. Тараптар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-жапон кеңейтілген стратегиялық серіктестігінің жағдайы мен даму перспективаларын, сондай-ақ халықаралық құрылымдар желісі бойынша бірлескен жұмысты талқылады.

М.Нұртілеу Премьер-министрге Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ізгі тілектерін жеткізді. Ол Астананың екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға берік бейілділігін растады.

«Жапония – Қазақстанның Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі негізгі серіктестерінің бірі. Біз Токиомен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты арттыруға бел будық», – деп атап өтті Қазақстан СІМ басшысы.

Өз кезегінде Ш.Ишиба Жапония Үкіметінің Қазақстанмен көпжоспарлы өзара іс-қимылды нығайтуға деген берік ниеті туралы сендірді.

«Орталық Азия + Жапония» Диалогы шеңберінде кооперацияны дамытуға және алғашқы саммитті өткізу бойынша мәселелерге, сондай-ақ биік деңгейде тұрақты байланыстарды сақтау қажеттілігіне ерекше назар аударылды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты ынтымақтастыққа жаңа серпін беруге өзара ұмтылыстарын білдірді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив