Берік Уәли Шуақ кентіндегі қазандықтың жұмысымен танысты
Абай облысының әкімі Берік Уәли жұмыс сапарымен Жарма ауданына барды. Аймақ басшысы әлеуметтік, мәдени, өндірістік нысандарды аралап, Шар қаласындағы Жарма технологиялық колледжінде болды.
Облыс әкімі аудандағы жұмыс сапарын Шуақ кентіндегі қазандықтың жағдайымен танысудан бастады.
Қазандық кенттегі 12 нысанды, соның ішінде 8 көп қабатты тұрғын үй, мектеп, балабақша және басқа да мекемелерді жылумен қамтамасыз етеді.
Мұндағы жылу желісінің жалпы ұзындығы – 5,4 шақырым. Алайда оның 95% әбден тозған. Жылу желісін күрделі жөндеуден өткізу үшін 382 млн теңгеге жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, сараптаманың оң қорытындысы алынған. Қазіргі уақытта тиісті министрлікке бюджеттік өтінім әзірленуде.
Облыс әкімі Энергетика, тұрғын үй және коммуналдық шаруашылығы басқармасына бюджеттік өтінімді тезірек әзірлеуді тапсырды.